Алматыда дәрігерлер үш сағат бойы күрделі ота жасап, науқасты аман алып қалды

27 Қараша 2026, 11:53
АВТОР
 №7 қалалық клиникалық аурухана 27 Қараша 2026, 11:53
27 Қараша 2026, 11:53
127
Фото: №7 қалалық клиникалық аурухана

Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың хирургтері асқазанынан қайталама қан кетіп, ауыр анемияға шалдыққан науқасқа шұғыл әрі күрделі операция жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Науқас Алматыға басқа өңірден қонаққа келген. Қалада жүрген кезінде жағдайы күрт нашарлап, шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілген.

Тексеру барысында асқазанынан шамамен 2,5 сантиметрлік ойық жара анықталған. Дәрігерлер ісік үдерісіне күдіктенген.

Науқасты операцияға дайындағаннан кейін, қан кетудің қайталану қаупі жоғары болғандықтан, хирургиялық араласу туралы шешім қабылданған.

Медициналық көрсетілімдерге сәйкес, дәрігерлер асқазанды толық алып тастап, лимфа түйіндерін тазарту және Ру ілмегі арқылы өңеш пен аш ішек арасында жалғама жасау операциясын жүргізген. Операция кезінде алынған тінге жедел гистологиялық зерттеу жасалып, атипиялық жасушалардың бар екені расталған.

Операция шамамен үш сағатқа созылған. Қорытынды гистологиялық зерттеу нәтижесінде асқазанның төмен дәрежеде сараланған карциномасы анықталған. Сонымен қатар ісік құрамында сақина тәрізді жасушалы обыр ошақтары болған және асқазан қабырғасының барлық қабатына, соның ішінде сірлі қабығына дейін таралғаны белгілі болған.

№7 қалалық клиникалық аурухананың №1 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Байтурғановтың айтуынша, дәрігерлердің міндеті тек қан кетуді тоқтатумен шектелмеген. Ең бастысы – оның негізгі себебін жою болған.

Қан кетудің қайталану қаупі жоғары болғанын және ісік үдерісі расталғанын ескере отырып, онкологиялық хирургия қағидаларын сақтап, асқазанды толық алып тастау туралы шешім қабылданды. Операция хирургтер мен анестезиолог-реаниматологтардың үйлесімді жұмысын талап етті, – деді маман.

Операциядан кейін науқастың жағдайы біртіндеп жақсарған. Денсаулығы тұрақтанып, стационарлық ем аяқталған соң, әрі қарай бақылауда болу жөніндегі ұсыныстармен үйіне шығарылған.

№7 қалалық клиникалық аурухананың директоры, PhD докторы Нұрдос Қадырбеков бұл жағдай дер кезінде диагноз қою мен шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі қаншалықты маңызды екенін көрсететінін атап өтті.

Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау аурудың алдын алудан басталатынын еске салғым келеді. Жасыңызға және белгіленген медициналық ұсынымдарға сәйкес, онкологиялық тексерулерді қоса алғанда, профилактикалық тексерулер мен скринингтерден тұрақты өтіп тұрыңыз, – деді ол.

Дәрігерлер асқазан обыры бастапқы кезеңде айқын белгілерсіз өтуі мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан профилактикалық тексерулерден қалмай, жас ерекшелігіне сәйкес скринингтік зерттеулерден өту маңызды.

Себепсіз салмақ жоғалту, іштің ауыруы, тәбеттің төмендеуі және анемия белгілері байқалса, дәрігерге қаралу қажет. Ал қан құсу, нәжістің қараюы, қатты әлсіздік немесе естен тану шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.

Ауруды дер кезінде анықтау оны ерте кезеңде емдеуге және сауығу мүмкіндігін арттыруға көмектеседі.

Наверх