Алматыда «Біз біргеміз» атты бейбіт митинг өтті

6 Шілде 2019, 13:24
2844
Бөлісу:
Алматыда «Біз біргеміз» атты бейбіт митинг өтті
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ  тілшісі. Бүгін Алматыдағы Сарыарқа кинотеатрының артында  Nur Otan партиясының ұйымдастыруымен  рұқсат етілген митинг өтті.

Аталған жиын барысында Алматы ардагерлер кеңесі, Қазақстан халық ассамблеясы, Алматы мәслихатының депутаттары, волантерлер, спортшылар мен өнер адамдары қатысып, сөз сөйледі.

IMG_20190706_110033.jpg

Митинг кезінде негізінен елдің бірлігі, арандатушылыққа жол бермеу мәселелері көтерілді.

Мінберден бірінші болып «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан сөйлеп, елдегі орын алып жатқан мәселелерді тек өркениетті жолмен шешу керектігін айтты.

«Түнеу күні ғана сайланған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кез-келген мәселені, әлеуметтік жағдайларды, экономикалық дүниелерді ашық диалогқа салу арқылы халықпен пікірлесе отырып үлкен бағдарламасын жария етті. Қоғамда көптеген түйіткілдер бар, бірақ соның барлығын ел болып, мәдениетті түрде шешетін жаңа бір саяи кезеңде, жаңа өріске көтеру кезеңіне келдік деп ойлаймын»,-деді Ж. Әшімжан. 

Ал, Әскери ғылым академиясының толық мүшесі, ғылым докторы Ким Серікбаев тасада оытрып тас ататындарды елге келіп қызмет етуге шақырды.

IMG_20190706_110748.jpg

«Бүгін мен әскери киіммен келдім. Өйткені ел бойынша мені осы киіммен жақсы таниды. 35 жылдай Қарулы күштер қатарында жүріп еліміздің тыныштығын қорғайтын кадрларды дайындадым. Демалысқа шыққанымен де қазір жастарымызды патриоттыққа тәрбиелеу жұмыстарын жалғастырудамын. Қазір шетелде жүрген отандастырымыз елдегі тыныштықты бұзуға әрекеттенуде. Біз оған жол бермеуіміз керек. Қазақта «жұрт елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген жақсы мақал бар. Олардың көбін президент аппаратында жұмыс істеген кезден танимын. Оларға айтарым: елге оралыңдар, егер алған болсаңыздар халыққа қайтарыңдар. Тек заң алдында ақталыңдар. Содан кейін еліміздің өркендеу жолында еңбек етіңдер»,-деді ол.

IMG_20190706_102728.jpg

Сондай-ақ жиын барысында «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров сөз алып, елді арандатушылдардың әрекетіне ілісіп кетпеуге шақырды.

«Біздің жиынымыздың мақсаты – біріншіден бірлігімізді нығайту. Екіншіден, арандатушыларға жол бермеу. Арандатушы деген кім? Оны барлығыңыз жақсы білесіздер, оның бірі Әбілязов. Халықтың, мемлекеттің қаржысын ұрлап шетелге қашқан алаяқ. Егер өз еліне шынымен жаны ашитын адам болса халықтың арасында жүрмей ма? Өз ана тілін білмеген адам қазақ еліне қандай жақсылық жасайды? Халық ақымақ емес, кімнің-кім екенін жақсы біледі. «Nur Otan» партиясына жылына жүз мың адам өз өтініштерін білдіреді, өз проблемаларымен келеді. Алматы қаласындағы партияның бөлімшесіне жылына 10 мыңдаған адам өтінішпен келсе, оның 70 пайызының мәселесі оң шешімін табады»,-деді ол. 

Бір сағатқа созылған бейбіт митингке мыңға жуық Алматы тұрғындары жиналды.

IMG_20190706_110621.jpg

Өзгелердің жаңалығы