Алматыда бетон жолдың жыртығын пенопластпен жамаған

19 Қазан 2023, 16:22
1134
Бөлісу:
Алматыда бетон жолдың жыртығын пенопластпен жамаған
VIDEO
Фото: Диас Нұрақынның Facebook парақшасы

Алматылық журналист республикалық маңызы бар "Алматы-Шелек" бағытындағы жолдың пенопластпен жамалғанын айтып, бейнероликке түсірген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ол өзінің Facebook-тегі парақшасында "Қазақтарға жол салу үшін бетонның да, битумның да керегі жоқ" деп жазба қалдырған. 

"ҚазАвтоЖол" жол салудың тың технологиясын тауыпты. "Алматы-Шелек" бағытындағы бетон жолдың жыртығын пенопластпен жамап қойыпты. Енді қазақтарға жол салу үшін бетонның да, битумның да керегі жоқ, – деп жазды Диас Нұрақын.

Аталған жағдайға байланысты "ҚазАвтоЖол" түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, видеода аралық кезеңдегі жұмыстардың нәтижесі көрсетілген.

Бұл "Алматы-Шелек-Қорғас" күре жолының орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылып отырған 25-320 шақырымдары аралығы. Екі мердігер ұйым жұмылдырылды. Бұл жұмыстар цементбетон жабындысын жөндей отырып, плиталарды ауыстыру, деформациялық жікті анкерлеу және герметизациялау әдісімен орнатуды көздейді. Бұл жұмыс жазда атқарылады. Технологияға сәйкес бөгде заттардың түсуін болдырмау үшін пеноплекс қолданылады (бұл қолданыстағы қалыпты тәжірибе). Алдағы уақытта мердігер ұйымдар бұл технологияның үстіне битум мастикасын қолданбақ. Жұмыстар әлі толық аяқталған жоқ. Бұл видеода жөндеу жұмыстарының аралық нәтижесі ғана бейнеленген, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы Ләззат Стамғазиева.

Мердігер ұйымдарға келтірілген залалға байланысты бұл материал тиісті шешім мен шараларды қабылдау үшін уәкілетті органға жіберілмек.

Республикалық маңызы бар автожолдардың барлық пайдаланушысын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз! Сондай-ақ "ҚазАвтоЖолға" қарасты 1403 байланыс орталығының жұмыс жасайтынын еске саламын. Жол пайдаланушыларымен кері байланысты нығайту үшін операторлар тәулік бойы жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары мен күтіп-ұстау мәселелері бойынша кеңес береді, – деді Стамғазиева.

Өзгелердің жаңалығы