Алматы қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған күмәнді бейнежазбаға қатысты ресми түсініктеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында беттері тұмшаланған бірнеше әйелмен бірге қоғамдық орында жүрген ер адамның бейнесі бар видео анықталғанын хабарлады.
Тексеру нәтижесінде аталған бейнероликтің коммерциялық түсірілім аясында дайындалған, яғни қойылымдық сипатқа ие екені белгілі болды.
Сонымен қатар тексеру барысында кейбір қатысушылардың әрекеттерінен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін киім элементтерін кию фактілері тіркелген, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Жинақталған материалдар қаралып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға ескерту түріндегі жаза қолданылып, қосымша профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция өкілдері қоғамдық орындарда болу мақсатына қарамастан, заң талаптарын сақтау әр азаматтың міндеті екенін еске салды. Құқық қорғау органдары азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырады.
Еске салайық, Қазақстанда бетті бүркейтін киімге қатысты заң қабылданған еді.