Алматыда балалар мен қарттардың басын қосқан қайырымдылық шарасы өтті

1 Маусым 2019, 20:08
3797
Бөлісу:
Алматыда балалар мен қарттардың басын қосқан қайырымдылық шарасы өтті
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Балаларды қорғау күніне орай бүгін Алматыдағы Версаль мейрамханасында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. 

«Жақсылық жаса» волонтерлік жобасы аясында өткен бұл шараға «Жанұя» балалар үйінің 30 тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің 20 тұрғыны қатысты. Келушілерге дастархан жайылып, оның арты мәдени және зияткерлік бағдарламаға ұласты. «Жақсылық жаса» жобасының жетекшісі Елшін Хамедов балалар мейрамында үлкендерді тыс қалдырмау қажеттігін айтады.

«Елімізде балалар үйіне қолұшын созып жүрген волонтерлік ұйымдар өте көп. Дегенмен бізде балалар және қарттар үйі тұрғындарының басын қосатын үлкен бір алаң жоқ. Балалар мейрамды сезіну үшін жанында үлкендер болу керек,  ересектердің силаған жылуына ештеңе жетпейді. Бұл жердегі артықшылық та сол. Қарттар үйінде де жағдай сондай, оларда балалармен қарым-қатынас жасағысы келеді», - дейді ол.

Алматыда балалар мен қарттардың басын қосқан қайырымдылық шарасы өтті

Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты осы екі мекеме арасында байланыс орнату. Ол үшін мерекелік шараларда қарттар мен балалардың басын жиі қосып тұру қажет. 

«Бұл жобаны үш-төрт ай бұрын қолға алған едік. Қазір қарттар мен балалар арасында байланыс орнап, бірін-бірі іздеп барып тұратын жағдайға жетті. Осыны біз ел бойынша іске асырғымыз келеді. Мәселен, үлкендер балар үйіндегі өзі ұнатқан балаға мейірленіп барып тұрса, тіптен онымен қыдырып, бар білгенін үйретіп жылу сыйлай білсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл Қазақстанда алғашқы жоба болғанымен Еуропа елдеріне бұрыннан бар тәжірибе. Канадада бұл жоба оң нәтиже көрсеткен. Қарттар өздерін жақсы сезініп, аз ауыратын болған. Біз еліміздегі осы екі сегменттің басын біріктіру бойынша жұмыс істегіміз келеді. Әрі ол көп қаражатты қажет етпейді, тек рухани, мәдени шараларды ұйымдастыру керек. Ұлы Абай «кез-келген рухани  бастама отбасыдан басталады» деп айтып кетті ғой. Иә, кейбір балалар отбасылық қамқорлықтан, жылылықтан айырылып отыр, біз соның орнын осылайша толтырғымыз келеді»,- дейді Хамедов. 

Жоба жетекшісінің айтуынша, балалар мен қарттар арасында байланыс орнату үшін қолұшын созғысы келетін еріктілер өте көп. Оларға ақша берудің қажеті жоқ, тек әр адам өз білгенін үйретсе болғаны.

Алматыда балалар мен қарттардың басын қосқан қайырымдылық шарасы өтті

«Мәселен, бүгін суретшілер, бишілер, психологтар келеді. Олардан ешқандай қаражатты талап етпейміз, тек өз өнерлерімен бөлісіп, балардың көңілін көтереді. Сондай-ақ Версаль мейрамханасы да шамасы келгенше дастархан жайып отыр. Біз мұндай шараны тек балар үйінде ғана ұйымдастырмаймыз, қарттар үйінде де өткіземіз. Сәйкесінше онда балаларды ертіп апарамыз»,-дейді Елшін Хамедов.

Шара барысында балалар мен қарттар арасында әлеуметтік-психологиялық тренинг, зияткерлік байқаулар мен ойын-сауық бағдарламасымен жалғасты. Балалар ән айтып, би билеп өз өнерлерін паш етті. Үлкендер жағы да қалыс қалмады,  қарттар үйінің қоры да ән салып, балалардың көңілін көтеруге тырысты.
Көп жылдар балалар үйінде қызмет етіп, қазір қарттар үйінің тұрғынына айналған Татьяна Надеина балалар мен қарттардың басын қосуға бағытталған мұндай шараның маңызы жоғары екенін айтады.

Алматыда балалар мен қарттардың басын қосқан қайырымдылық шарасы өтті

«Бүгін екі буын өкілдері бас қосып отар. Үлкендердің балаларға берері көп, соны жақсы пайдалана білу керек. Өзім бұрын балалар үйінде жұмыс істегендіктен оларға үлкендердің жылуы қажет екенін жақсы білемін. Бұл өте жақсы бастама, тек осымен тоқтап қалмай еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапса екен деген тілегім бар. Бүгін қарттар да балалармен араласып бір жадырап қалды. Кезінде балалар арасында мерекелік шараларды көп өткізгеннің пайдасы әлі де тиіп жатыр, қазір қарттар арасында концерттік бағдарламаларды ұйымдастырып тұрамын»,- дейді Т.Надеина

 Мерекелік шара соңында «Жанұя» балалар үйі мен қарттар үйі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Өзгелердің жаңалығы