Алматы полицейлері тұрғын үй кешендерінің бірінің аумағында балаға күш қолданған ер адамды ұстап, қамауға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға балалар алаңында болған және бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда ер адамның балаларға жақындап келіп, олардың бірін итергені көрінеді. Салдарынан бала дене жарақатын алған.
Күдікті сол тұрғын үй кешенінің тұрғыны. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға балалардың ойын кезінде болған жанжалы себеп болған. Осыдан кейін ер адам мәселені өз бетінше шешпек болған.
Балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полицияда балаларға қатысты жасалған кез келген заңға қайшы әрекетке себеп-салдарына қарамастан, заң аясында қатаң құқықтық баға берілетінін атап өтті.