Алматыда Ауғанстан азаматы судан құтқарылды

15 Маусым 2020, 12:40
1543
Бөлісу:
Алматыда Ауғанстан азаматы судан құтқарылды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы құтқарушылары "Су айдындарындағы қауіпсіз жаз" науқанын жүргізу барысында Ауғанстан азаматын судан құтқарды. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД хабарлады.

Карантинге қарамастан, ыстық ауа райында суға шомылғысы келетіндер саны күннен -күнге көбейіп келеді. Алматылық құтқарушылар келушілердің суға шомылу ережелерін сақтауда назарларын аудару үшін алдын алу шаралары, рейдтер, қауіпсіздік шараларын өткізуде бар күш-жігерін салуда.

Сенбі күні ТЖ қызметкерлері Алатау ауданындағы ірі супермаркеттерде «Қауіпсіз Жаз!» науқанын ұйымдастырды. Супермаркет кассасының қасында келушілерге  сауда жасаған түбіртекпен  қоса "Су қоймаларындағы қауіпсіздік ережелері" туралы жадынамалар таратылды. Сонымен бірге, қаланың барлық ауданында ТЖ, ЖПҚ, Ұлттық Ұланның патрульдері және еріктілер бірлесіп, демалуға рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылудың алдын алды. Жетісу ауданындағы Есентай өзенінің бойында және Кемел шағын ауданындағы тоғандарға жүргізілген рейд барысында суға түсуге рұқсат етілмеген жерде  ересектердің қарауынсыз шомылып жүрген жас балаларды анықтады. Жетісу аудандық ЖПҚБ полиция майоры Ш.Тасқалиев профилактикалық әңгімелер өткізіп, "Ізгі ниет" еріктілері "Суда абай болыңыздар" атты ескертпелермен таныстырды, - делінген хабарламада.

Әуезов ауданында "109" Құтқару қызметінің құтқарушылары моторлы 2 қайықпен кезекшілік жүргізген. Әуезов ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері ЖПҚБ инспекторымен  Сайран көлінің батыс жағалауын шолу кезінде 34 және 35 жастағы 2 әйел адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға қатысты "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің" 364-бабы 1-бөліміне сәйкес "Жалпы суды пайдалану ережелерін бұзғаны үшін" екі әкімшілік хаттама толтырылды.

WhatsApp Image 2020-06-15 at 12.20.25.jpeg

Бұл бап бойынша тыйым салынған белгінің астында, жабдықталмаған жерде суға шомылып, өз өміріне қауіп төндірген 1952 жылы туған ер адам да жауапқа тартылған.

Жексенбі күні Алмалы ауданында Сайран су қоймасының шығыс жағалауына демалуға келген 18 жасар  Дүйсеш Марғұлан – жағадан 8 метр қашықтықта ер адамның суға батып бара жатқанын көреді. Тез арада көмекке ұмтылған Марғұлан оны жағаға сүйреп шығарады. Суға батып бара жатқан адамды су қоймасында кезекшілікте болған "109" қызметінің қызметкері Қозы Бүркітбайхан да байқап, көмекке ұмтылды. Жас жігіт жағаға сүйреп шығарған зардап шеккен адамға құтқарушы тез арада дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетіп үлгерді, - делінген хабарламада.

Зардап шегуші Ауғанстан Республикасының 1977 жылы туған азаматы Ахмади Заман Мухаммад №7 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілген. Жағдайы тұрақты. Ешқандай асқыну белгілері жоқ.

Шомылу маусымы басталғаннан бері ТЖД мен ЖПҚ қызметкерлері 177 патрульдеу жүргізіп, "Суда қауіпсіздік шараларын сақтау" туралы 3 мыңнан астам жадынама таратқан.

Өзгелердің жаңалығы