Алматыда әскери байланысшылар «Мен – донормын» акциясына қатысты

7 Ақпан 2023, 14:40
1097
Бөлісу:
Алматыда әскери байланысшылар «Мен – донормын» акциясына қатысты

Әуе қорғанысы күштері құрамындағы байланыс полкінің 80-нен аса әскери қызметшісі ауыр науқас балалар үшін 36 литр қан тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Процедура алдында әскери қызметшілер сауалнама толтырып, медициналық тексеруден өтті. Олардың қандағы гемоглобин деңгейін тексеріп, қан қысымы мен тамыр соғысын анықтады. 

Мұндай акцияларға әрқашан қатысуға тырысамыз. Балалардың ауыр сырқатымен күресіп жүрген отбасыларға осылайша үміт сыйлаймыз. Бұл оларға ауруды жеңуге септігін тигізетініне сенемін, – деп атап өтті 78460 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Серік Сарабозов.

Қайырымдылық акциясы туралы білген қатардағы жауынгерлер Төкен Ғанижан мен Роман Налесный дәрігерлердің өтінішіне бірден келісті. 

Менде сирек кездесетін қан тобы бар. Мұндай акция көмекке мұқтаж жандарға ертеңге деген сенім сыйлайтынына үміттенемін, – деді мерзімді қызметтегі сарбаз Роман Налесный. 

Офицерлер, сержанттар мен сарбаздар акцияға қатысуды әр уақыт парызы санап, балалардың сауығып кетуіне шын ниеттен тілектес.

Өзгелердің жаңалығы