Алматыда автобустардың лық толуы қала тұрғындары жиі көтеретін мәселелердің бірі. Әлеуметтік желі қолданушылары қоғамдық көліктегі жолаушылардың бір бөлігі жолақысын төлемейтіндіктен, олардың нақты саны есепке алынбай қалуы мүмкін екенін айтып жүр. Тіпті бұл жағдай қала билігінің автобусқа деген сұранысты бағалауына әсер етуі ықтимал.
Алматыда күніне қанша адам автобусты қолданады, олардың неше пайызы жолақысын төлейді және билетсіз жүргендерге қандай жаза қарастырылған? Бұл сұрақтарға Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген мәліметінде жауап берді.
Орталықтың мәліметінше, жолақысын төлеу деңгейі жолаушылар ағынын автоматты түрде есептейтін құрылғылардың деректерін электронды төлем жүйелеріндегі тіркелген төлемдер санымен салыстыру арқылы анықталады.
Талдау нәтижесі бойынша, қазіргі уақытта жолаушылардың 65-70 пайызы жолақысын уақытылы төлейді. Ал қалған 30-35 пайызы қоғамдық көлікте билетсіз жүреді.
Сонымен қатар орталық соңғы жылдары жолақысын төлемейтін жолаушылардың үлесі азайғанын хабарлады. Бақылау-желілік мониторинг қызметі күн сайын жүргізетін тексерулердің нәтижесінде билетсіз жүретін жолаушылардың көрсеткіші 10 пайызға төмендеген.
Жолаушылардың 94 пайызы Onay жүйесін пайдаланады
Алматының қоғамдық көлігінде жолақысын көлік және банк карталары, QR-код, сондай-ақ SMS-хабарлама арқылы төлеуге болады.
Жол ақысын төлеудің электрондық жүйелері операторларының статистикалық деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері тіркелген төлемдердің 94 пайыздан астамы Onay жүйесі арқылы жүзеге асқан. Ал қалған шамамен 6 пайызы Avtobys жүйесіне тиесілі.
Жолақысын төлемегендерге қандай шара қолданылады?
Жолақысын төлеуден жалтарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 622-бабының 2-бөлігінде қарастырылған.
Орталық полиция органдарымен бірлесіп, жолаушылар ағыны көп маршруттар мен аялдамаларда рейдтік тексерулер жүргізеді. Алайда құқық бұзушылардың жеке басын анықтау, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру және айыппұл салу полиция органдарының құзыретіне жатады.
Осыған байланысты Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы толтырылған хаттамалар мен салынған айыппұлдардың саны туралы ақпаратты қалалық Полиция департаментінен сұратуға болатынын атап өтті.
Қалада 3 200-ге жуық автобус қатынайды
Орталықтың мәліметінше, соңғы уақытта қала көшелеріне шығарылатын автобустар санының қысқаруы тіркелмеген. Қазір Алматының тұрақты жолаушылар тасымалы маршруттарында шамамен 3 200 бірлік жылжымалы құрам жұмыс істейді.
Автобустардың желіге шығу саны тәулік ішіндегі жолаушылар ағынына қарай реттеледі. Мәселен, таңертең және кешкі уақытта, яғни қарбалас кезеңдерде, сұранысты қамтамасыз ету үшін бағыттардағы автобустар саны көбейтіледі.
Ал түскі уақытта жолаушылар ағыны азайғандықтан, қоғамдық көлік саны соған сәйкес реттеледі.
Еске салайық, бұған дейін Qazaq Expert Club қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас саласындағы сарапшысы Андрей Андреев Алматыдағы қоғамдық көлік мәселесіне қатысты пікір білдірген болатын.