Жолаушы көп, автобус аз ба? Сарапшы Алматыдағы қоғамдық көлік мәселесіне баға берді

 ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина 19 Қараша 2026, 11:37
19 Қараша 2026, 11:37
36
Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматыда қоғамдық көліктің таңертең және кешкі уақытта шамадан тыс толуы автобустардың жетіспеуінен ғана емес, жолдағы кептелістер мен қозғалыс кестесінің бұзылуынан да болуы мүмкін. Сонымен қатар, жолаушылардың жол ақысын төлемеуі қаладағы нақты жолаушылар ағынын есептеуге кедергі келтіріп, автобус санын дұрыс бөлмеуге әкелуі ықтимал. Бұл туралы Qazaq Expert Club қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас саласындағы сарапшысы Андрей Андреев BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Автобустардың көптігі мәселені шешпейді

Сарапшы Алматыда автобус жетіспейді деп біржақты айтуға болмайтынын жеткізді. Оның пікірінше, қоғамдық көліктің толып жүруіне көбіне жолдағы кептелістер әсер етеді.

Мен Алматыда жалпы автобус жетіспейді деп айтпас едім. 2026 жылдың мамырында Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев автобустардың тапшылығы жоқ екенін, ал олардың толып жүруіне негізінен кептелістер себеп болатынын айтқан еді. Мен бұл пікірмен келісемін. Автобустар жалпы көлік ағынында жүреді, кептелісте тұрып қалады, кестеден кешігеді. Соның салдарынан қозғалыс аралығы ұзартып, аялдамаларда жолаушылар жиналады, – деді ол.

Андреевтің айтуынша, автобус санын көбейткеннің өзінде, жолдағы кептеліс шешілмесе, жағдай өзгермеуі мүмкін. Көлік қозғалысының тұрақсыздығынан жолаушылар бірінші келген автобусқа мінуге тырысады. Соның салдарынан бір автобус лық толып, ал бірнеше минуттан кейін келген келесі автобус жартылай бос жүруі мүмкін.

Сарапшы мәселе бірнеше фактордың қатар әсер етуінен туындайтынын атап өтті. Автобустар маршруттар арасында біркелкі бөлінбеуі, кептелістер салдарынан айналым рейстерін уақытында аяқтай алмауы немесе қозғалыс аралығы дұрыс есептелмеуі мүмкін.

Оның сөзінше, автобустардың бір-біріне жақындап жүруі де жиі кездесетін жағдай. Бір автобус кешіккен кезде, артындағы көлік оны қуып жетеді. Нәтижесінде екі-үш автобус бір мезгілде аялдамаға келіп, одан кейін жолаушылар ұзақ уақыт көлік күтуге мәжбүр болады.

Андреев қоғамдық көліктің жұмысын бағалау кезінде тек автобустардың жалпы санын емес, әр маршруттағы нақты қозғалыс аралығын, аялдамалардағы жолаушылар жүктемесін және толық айналым рейсінің ұзақтығын есептеу қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай деректерсіз қай бағытта автобус шынымен жетіспейтінін, ал қай жерде қозғалысты ұйымдастыруды өзгерту арқылы мәселені шешуге болатынын анықтау қиын.

Жол ақысын төлемейтін жолаушылар нақты есепке алынбайды

Сарапшының айтуынша, Алматыдағы қоғамдық көлікте жол ақысын төлемейтін жолаушылар мәселесі де бар. Бұл жағдай жолаушылар ағынын нақты есептеуге кедергі келтіреді.

Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы автобус саны маршруттардағы жолаушылар ағынына жүргізілген талдау негізінде анықталатынын хабарлаған. Бұл талдау электронды төлем жүйелерінің деректеріне сүйенеді.

Алайда басқарма тасымалдаушылардың мәліметіне сәйкес, қарбалас уақытта жолаушылардың 40 пайыздан астамы жол ақысын төлемеуі мүмкін екенін де мойындаған. Мұндай жолаушылардың нақты санын анықтау мүмкін емес.

Ал Алматы қаласының тарифтік комиссиясының ресми хаттамасында мониторинг нәтижесі бойынша жол ақысын төлемейтін жолаушылар үлесі 35 пайыз деп көрсетілген. Бірақ жарияланған құжатта бұл көрсеткіштің қандай әдіспен және қандай іріктеу негізінде есептелгені толық ашылмаған. Сондықтан оны бүкіл қала бойынша нақты көрсеткіш деп қабылдау қиын.

Электронды жүйе тіркелген сапарларды ғана көреді. Ал автобусқа кіріп, картасын баспайтын, QR-код сканерлемейтін немесе сапарын басқа жолмен тіркемейтін адамды автоматты түрде есептей алмайды, – деді сарапшы.

Андреев Ұлттық статистика бюросының әдістемесінде автобуспен тасымалданған барлық жолаушы, оның ішінде тегін жүрген азаматтар да есепке алынатынын атап өтті. Бірақ бұл статистикалық есеп әр маршрут пен аялдамадағы жолаушыларды жедел есепке алумен бірдей емес.

Оның пікірінше, автобус санын жоспарлау кезінде электронды төлем деректеріне сүйену нақты жолаушылар санын толық көрсетпеуі мүмкін. Егер жолаушылардың жартысына жуығы жол ақысын төлемесе, бұл әсіресе қарбалас уақытта байқалады. Мысалы, автобусқа бақылаушы кірген кезде кейбір жолаушылар бірден жол ақысын төлей бастайды.

Жол ақысын төлемеу автобус санын дұрыс бөлмеуге әкелуі мүмкін

Сарапшы жол ақысын төлемейтін жолаушылардың нақты саны есепке алынбаса, маршруттардың жүктемесі төмен бағалануы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұл қауіп негізсіз емес. Тіпті көлік басқармасы да мұндай мәселенің бар екенін мойындаған.

Мысалы, автобусқа 40 адам мінді делік, бірақ оның 25-і ғана жол ақысын төледі. Электронды жүйе 25 сапарды тіркейді, ал автобуспен шын мәнінде 40 жолаушы жүрді. Егер қозғалыс жиілігін жоспарлау кезінде тек тіркелген төлемдер есепке алынса, маршруттың жүктемесі төмен бағаланып, оған қажетті автобус саны бөлінбеуі мүмкін, – деді Андреев.

Бұл әсіресе қарбалас уақытта маңызды. Өйткені жолаушылар ағыны бағытқа және маршруттың нақты учаскесіне қарай айтарлықтай өзгеріп отырады.

Алайда сарапшы бұл мәселенің нақты ауқымын анықтау үшін жолаушыларды есепке алудың ашық әрі нақты әдістемесі қажет екенін айтты. Қазіргі уақытта Алматыда жол ақысын төлемеу салдарынан қай маршрутқа қанша автобус жетіспейтіні туралы ашық дерек жоқ.

Автобустарға автоматты есептегіш орнату ұсынылды

Андреев мәселені шешу үшін автобустарға автоматты жолаушылар есептегіштерін орнатуды ұсынды. Мұндай құрылғылар жол ақысын төлеу-төлемеуіне қарамастан, автобусқа кірген және шыққан әр адамды тіркеуі керек.

Келесі кезеңде есептегіштердің деректерін автобустардың GPS көрсеткіштерімен және электронды төлем жүйелерімен біріктіру қажет. Сонда қала нақты қанша адам қоғамдық көлікпен жүргенін, олардың қаншасы жол ақысын төлегенін және қай учаскелерде жүктеме жоғары екенін көре алады.

Сондай-ақ сарапшы тәуелсіз бақылаушылардың қатысуымен тексеру жүргізуді ұсынды. Олар автоматты есептегіштердің деректерін қарбалас уақытта, демалыс күндері және ең көп жүктелген маршруттарда тексеруі керек.

Бұл ретте жеңілдікпен немесе тегін жүруге құқығы бар жолаушыларды бөлек есепке алу маңызды. Өйткені заңды жеңілдікті пайдалану мен жол ақысын төлеуден жалтаруды бір көрсеткішке біріктіруге болмайды.

Нақты жағдайды осы әдістерді қатар қолдану арқылы ғана анықтауға болады. Егер қателеспесем, Канаданың Халықаралық қалалық көлік қауымдастығының 2024 жылғы әдістемесінде де автоматты есептегіштер жолаушыларды жол ақысына қарамастан есепке алуға мүмкіндік беретіні көрсетілген. Бірақ автобус қатты толып кеткен жағдайда олардың дәлдігін қосымша тексеру қажет, – деді сарапшы.

Автобус санын көбейту керек пе, әлде маршруттарды өзгерту қажет пе?

Андреевтің пікірінше, автобустардың қозғалыс жиілігін арттыру үшін ең алдымен жаппай көлік сатып алудан емес, қолданыстағы қоғамдық көлік жүйесін талдаудан бастау керек.

Егер автобус кептелісте тұрса, тағы он автобус сатып алу мәселені шешпеуі мүмкін. Жаңа көліктер де сол кептелісте тұрып қалады.

Алдымен қоғамдық көліктің қалыпты жылдамдықпен жүруіне жағдай жасау қажет. Бұл ретте автобусқа арналған арнайы жолақтар мен қиылыстарда қоғамдық көлікке басымдық беру мәселесіне ерекше назар аударған жөн, – деді сарапшы.

Одан кейін бірнеше шараны қолға алу қажет:

  • әр маршруттағы қозғалыс аралығын нақты жолаушылар санына қарай қайта қарау;
  • қарбалас уақытта кезек пен автобустардың толып кетуі байқалатын бағыттарға қосымша көлік жіберу;
  • маршруттарды оңтайландырып, бір-бірін қайталайтын бағыттарды азайту және жолаушыларға ыңғайлы ауысу мүмкіндігін жасау;
  • автобус парктеріндегі жүргізушілердің нақты санын тексеру және ауысыммен жұмыс істеуге адам жетпейтін бағыттарда штат санын көбейту;
  • кептелістер мен қозғалыс кестесін түзеткеннен кейін де сыйымдылық тапшылығы сақталатын бағыттарға қосымша автобус сатып алу.

Сарапшы автобус саны маршруттың ұзақтығына ғана емес, толық айналым рейсінің уақытына да байланысты екенін түсіндірді. Көлік жолда неғұрлым ұзақ жүрсе, бірдей қозғалыс аралығын сақтау үшін соғұрлым көп автобус қажет болады.

Сондықтан оның пікірінше, бірінші кезекте автобустардың тұрақты қозғалысын қамтамасыз ету керек. Ал содан кейін нақты деректер негізінде қай бағытқа көлік санын көбейту қажеттігін анықтаған жөн.

Жол ақысын төлеу мен қызмет сапасын қатар бақылау қажет

Андреевтің пікірінше, жол ақысын төлеу мәселесі мен қоғамдық көліктің қызмет сапасын бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Жолаушы жол ақысын төлеуі керек, бірақ оның орнына сапалы әрі қауіпсіз қызмет алуы тиіс.

Алматыда бұл бағытта белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың ақпанында қала әкімдігі Avtobys цифрлық жүйесін кезең-кезеңімен енгізу туралы хабарлаған. Жүйе көлік карталары, банк карталары, QR-код, NFC және басқа тәсілдер арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2026 жылдың күзінде жол ақысын төлеуді бақылау қызметін сатып алу шарттары жарияланған. Онда күн сайын кемінде 80 бақылаушыны тарту және қызмет көрсету кезеңінде 323 840 тексеру жүргізу қарастырылған.

Сарапшы бұл бағыттағы жұмыстарды дұрыс деп санайды. Алайда бақылаушылардың болуы мәселенің толық шешілгенін білдірмейді.

Оның айтуынша, тексеру нәтижелері ашық жарияланып отыруы керек. Мәселен, қанша жолаушы тексерілгені, қанша заң бұзушылық анықталғаны, қай маршруттарда жол ақысын төлемеу жиі кездесетіні және тексерулерден кейін жағдайдың қалай өзгергені туралы ақпарат берілуі қажет.

Сонымен қатар, тасымалдаушылардың жұмысын бағалайтын жүйе енгізу ұсынылады. Онда тек орындалған рейстердің саны ғана емес, қозғалыс аралығын сақтау, аялдамаларды өткізіп алмау, автобустардың техникалық жағдайы, салон тазалығы, кондиционерлердің жұмысы, жүргізу қауіпсіздігі және жолаушылардың негізді шағымдары да ескерілуі тиіс.

Бұл үшін GPS-мониторинг пен тәуелсіз тексерулерді пайдалану қажет. Қайталанған заң бұзушылықтар тасымалдаушы компанияларға нақты салдары бар шаралар қолдануға негіз болуы керек.

Алматыға қоғамдық көлікті басқарудың бірыңғай жүйесі қажет

Андреев Алматыда қоғамдық көлікті басқарудың бірыңғай жүйесін құруды ұсынады. Оның айтуынша, мұндай жүйе үш негізгі көрсеткішке сүйенуі керек: нақты жолаушылар саны, автобустардың қозғалысы және қызмет сапасы.

Бүгінде қала электронды жүйелерде тіркелген сапарлардың санын біледі. Бірақ жол ақысын төлемейтін жолаушылардың нақты санын анықтай алмайды. Соның салдарынан жолаушылар ағынын дұрыс бағаламау және автобустарды тиімсіз бөлу қаупі туындайды, – деді сарапшы.

Ол Канаданың Халықаралық қалалық көлік қауымдастығы тәжірибесін пайдалануды ұсынды. Бұл тәсілде автоматты есептегіштер жолаушыларды жол ақысын төлеген-төлемегеніне қарамастан тіркейді.

Сарапшының пікірінше, ең алдымен автобустарға автоматты есептегіштер орнатып, олардың деректерін GPS және электронды төлем жүйелерімен біріктіру қажет. Сонымен қатар, жол ақысын төлемейтін жолаушыларды тұрақты бақылап, ең көп жүктелген маршруттардың қозғалыс кестесін қайта қарау маңызды.

Менің ойымша, Алматыға автобустардың санын формалды түрде көбейткеннен гөрі жолаушыларды нақты есепке алу, көлікті дұрыс бөлу және тасымалдаушылардың жұмысын шынайы бақылау қажет. Қала тұрғындары толып кеткен автобус пен жеке көлік арасында таңдау жасауға мәжбүр болмауы керек. Ал мемлекет қоғамдық көліктің жұмысын тек желіге шыққан автобустардың санымен бағаламауы тиіс. Ең басты көрсеткіш – жолаушының межелі жеріне тұрақты, қауіпсіз әрі жайлы жетуі, – деп түйіндеді Андрей Андреев.

Наверх