Алматыда ақылы автотұрақ ашылғанымен, аумағы ретке келтірілмеген: Әкімдік шағымға жауап берді

29 Қазан 2026, 11:16
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 29 Қазан 2026, 11:16
29 Қазан 2026, 11:16
97
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматы тұрғындарының бірі Төле би мен Жұмалиев көшелерінің қиылысындағы ақылы автотұрақтың жағдайына шағымданды. Оның айтуынша, автотұраққа ақы алу басталғанымен, аумақ әлі де тиісті деңгейде абаттандырылмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Тұрғын әлеуметтік желідегі жазбасында ақылы автотұрақтарға қарсы емес екенін, алайда олар тұрғындарға қолайлы әрі сапалы болуы керегін атап өткен.

Автотұрақ орындары әлі күнге дейін талапқа сай ретке келтірілмеген, ешқандай жақсарту жұмыстары жүргізілмеген. Бірақ ақылы тұрақ ұйымдастырып үлгерген. Неге алдымен аумақты ретке келтіріп, қолайлы әрі абаттандырылған тұрақ орындарын жасап, содан кейін ғана ақы алмайды? – деп жазды ол.

Тұрғынның пікірінше, ақылы автотұрақ тек жолдағы белгі мен тақтайшадан тұрмауы керек. Оның сапасы, қолайлылығы мен тәртібі де талапқа сай болуы қажет.

Әкімдік не дейді?

Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімдігі тұрғынның шағымына жауап берді.

Әкімдіктің мәліметінше, Төле би мен Жұмалиев көшелерінің қиылысындағы автотұрақ аумағын ретке келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір жол жиектері түзетіліп жатыр. Сонымен қатар асфальт жабынының бүлінген тұстарына жөндеу жүргізіледі.

Жұмыстарды 29 қазанға дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта аумақтағы жөндеу жұмыстары аяқталыпты. 

Әкімдік ақылы автотұрақтарды ұйымдастыру жұмыстары бірыңғай тұрақ кеңістігін қалыптастыру аясында кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын хабарлады.

Наверх