Алматыда алғашқы әскери дайындық мұғалімдері арасында республикалық турнир өтті

2 Ақпан 2024, 02:19
90
Бөлісу:
Алматыда алғашқы әскери дайындық мұғалімдері арасында республикалық турнир өтті
Фото: gov.kz

Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың жүз жылдық мерейтойына орай Алматы қаласының № 209 мектеп-гимназиясында алғашқы әскери дайындық оқытушылары арасында дәстүрлі республикалық турнир өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сегізінші рет өткізіліп отырған турнирге еліміздің әр өңірінен келген жүзден аса оқытушы қатысты.

Жарыс екі кезеңде өтті. Алдымен атыс шебінде жарысқа қатысушылар пневматикалық мылтықтан оқ атты, содан кейін автоматты бөлшектеп-жинауды орындады.

Төрешілер алқасы шеберліктің жоғары деңгейін көрсеткен жеңімпаздарды анықтады. Пневматикалық мылтықтан оқ атуда Ардақ Әділхан (Алматы қ.), Нұрлан Нұрпейіс (Павлодар қ.) және Радик Әбдірахманов (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы) үздік атанды. Автоматты бөлшектеп-жинауда Дастан Ахметов (Алматы облысы), Естай Қағазбеков (Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы) және Әділхан Құлмұратов (Павлодар қ.) озып шықты.

Жеңімпаздар ҚР Қорғаныс министрлігінің дипломдарымен және "Спорт жұлдыздары" журналы редакциясының төсбелгілерімен марапатталды.

Ұйымдастырушылар әскери-спорттық жарыстар патриоттық рухты нығайтып қана қоймай, алғашқы әскери дайындық пәндері оқытушыларының педагогикалық шеберлігін арттырады деп атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы