Алматыда 56 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар – Бауыржан Жаубасов

5 Желтоқсан 2023, 18:15
419
Бөлісу:
Алматыда 56 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар – Бауыржан Жаубасов
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күні. 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау мақсатында осы күн бекітілген. Осылайша әлемдік деңгейде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға әлеуметтенуіне, оларға жағдай жасауға баса назар аударылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.


Жаһандық бастаманы Қазақстан да қолдайды. Инклюзивті қоғам құру жолында Алматы қаласында біршама іргелі істер атқарылуда. Олар Мүмкіндіктер форумында айтылды.

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың сөзінше, Алматыда 56 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 700-ден астамы түрлі салада жұмыс істейді. Биыл оларды қолдау мақсатында Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен инватакси жобасы, қаладағы бүкіл нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін паспорттау жобасы жүзеге аса бастады.

Инклюзивті қоғам, инклюзивті экономика құрып жатырмыз. Инклюзивті инфраструктура құрып жатырмыз. Әр адам өзінің көзқарасын өзгертсе, онда мүгедектігі бар жандар ешқандай өзінің шектеуін сезінбейді. Бізбен қатар қоғамда өмір сүреді, жұмыс істейді, белсенді болады. Мүмкіндіктер форумы деген шараның басты мақсаты осы,- дейді Бауыржан Жаубасов. 

Алматы мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Ұлан Іңкәрбеков біздің қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі арбада отырған адамдардың үйінен шыға алмауы екенін жеткізді. 

Әр үйде 6 баспалдақ бар. Арбаға таңылған жандар емін-еркін үйден шыға алмайды. Шетелмен салыстырғанда, оларда кедергі деген ұғым жоқ. Дамыған мемлекеттерде әлеуметтік мәселе жақсы қаралған. Ал бізде енді салынып жатқан үйлердің бәрінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барша мүмкіндік қарастырылып жатыр. Бүгін көптеген тақырып көтерілді. Жиналыс соңында осы мәселелерді қабылдаймыз, - дейді ол.

Бұл форум бұрынғыдан өзгерек, себебі: TED конференция, Town Hall, нетворкинг сынды үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде мүмкіндіктер қоғамын құру мәселелерімен айналысатын мемлекеттік, республикалық және халықаралық ұйымдардың спикерлері мен сарапшылары өз тәжірибесімен бөлісті.

Шараға отандық және шет елдік үкіметтік емес ұйыммен қатар мемлекеттік сектор өкілдері де қатысты. 
Парламент Сенатының депутаты Ләззат Қалтаеваның сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында бірнеше бағытта заң жобалары қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы