Алматыда 50 мың тұрғын сапалы ауызсумен қамтылмақ

20 Қаңтар 2021, 14:13
1315
Бөлісу:
Алматыда 50 мың тұрғын сапалы ауызсумен қамтылмақ

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін салынып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысымен танысты.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзінің Instagram-дағы аккаунтында жол айрықтары, электр подстанциялары мен су қабылдайтын станцияларды салу бойынша жұмыстардың барысын тексеру туралы айтты.

Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесіндегі жолайрықтың құрылысы жалғасуда. Биыл мұнда көлік қозғалысын ашу үшін тиісті шараларды қолға алуды тапсырдым. Осылайша Сейфуллин даңғылының көлік өткізу қабілеті 15-20%-ға, Жансүгіров көшесінде 10-15%-ға өседі, - деп жазды Сағынтаев. 

Оның мәліметі бойынша Бостандық ауданында 110 кВ-тық «Алмагүл» қосалқы стансасы салынуда. Ол қаланың оңтүстік бөлігінде салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешендеріне қажет қосымша 100 МВт электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шамамен 200 мың тұтынушы.

Бұдан өзге Хан Тәңірі ықшамауданында бой көтеріп жатқан 110 кВ-тық тағы бір қосалқы станса ескірген желілерді ауыстыруға мүмкіндік беріп қана қоймай, электр энергиясына 64 МВт өсім береді. Алатау, Нұрлытау, Ерменсай, Жайлау ықшамаудандарын энергиямен қамтамасыз ету жағы жақсарады. Бұл қосылған аумақтардың шамамен 250 мың тұтынушысын қамтиды.

Наурызбай ауданының 50 мыңға жуық тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Қарғалы» су тарту және сүзгі стансаларының құрылысы жүріп жатыр. Биыл бұл стансаны төрт ықшамауданмен байланыстыратын магистральдық желілердің құрылысы басталады, - деп атап өтті Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.


Өзгелердің жаңалығы