Алматыдағы №28 емхананың күндізгі бөлімінде инъекция салдырған 46 жастағы әйел комаға түсті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Комаға түскен Толқын Әжібекованың күйеуі Әрсен Дүйсенбеков мәлімдеме жасады. Сөзінше, әйелі жөтеліп жүргеннен кейін, емханада рентгенге түсіп, екі жақты өкпенің қабынуы анықталған. Кейін дәрігерлердің кеңесімен емхананың күндізгі стационарында инъекция салдырып, содан кейін жағдайы нашарлаған. Алайда не салғанын білмейді. Ол осы жағдайға байланысты полицияға арыз жазған.
Аталған мәселеге байланысты Алматыдағы BAQ.KZ тілшісіне қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді.
Пациентте жедел аллергиялық реакция, яғни анафилактикалық шок негізгі препарат енгізілгеннен емес, сынама ретінде жүргізілгеннен кейін пайда болды. Бұл сынама клиникалық хаттамаларға сәйкес орындалды. Медицина қызметкерлері жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін белгіленген стандарттарға сәйкес шұғыл көмек көрсетті, – делінген басқарма жауабында.
Сондай-ақ емхана өкілдері науқас медициналық процедуралар жүргізуге келісімін беріп, ақпараттандыру парағына қол қойғанын айтты.
Онда ол дәрілік заттарға аллергия барын көрсетпеген. Бұл медициналық қызметкерлер тарапынан тәуекелдерді алдын ала бағалауға кедергі келтірді. Емхана науқастың жақын туыстарымен байланыста және оның жағдайы туралы ақпарат оқиға болған күні берілді. Сондай-ақ мекеме диалогқа ашық және қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті ақпаратты туыстарына да, уәкілетті мемлекеттік органдарға да ұсынды, - деді ведомствода.
Полиция да осы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Түрксіб аудандық полиция басқармасының тергеу бөлімі аталған дерек бойынша тергеу амалдарын бастады. Қазір медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментіне іс материалдары жолданды. Олардың ұйғарымы бойынша, егер дәрігердің қателігі дәлелденетін болса, ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер жүргізілетін болады, - деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.