Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздің аймақтарында жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіруді жалғастыруда.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Алматы қаласының тұрғындарымен Кодекс нормалары бойынша жұмыс кездесуі өтті.
Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, қаладағы атмосфералық ауа сапасы өзекті мәселе болып отыр.
Алматы қаласы бірнеше жылдан бері республиканың ең ластанған қалаларының тізіміне енген. Ластану жылу көздерінен шығатын шығарындылардан туындайды, бұған ЖЭО-2 және 3, жеке тұрғын үйлер және жол кептелісі жатады. Осы проблемаларды шешу үшін 2020 жылғы тамызда Үкімет қаланың экологиялық проблемаларын кешенді түрде шешудің Жол картасын бекітті, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар, ведомство басшысының айтуынша, 2019 жылы қала атмосферасындағы жылу көздерінің үлесі 34%-ды құрады: ЖЭО-2 – 26% (37,8 мың тонна) және ЖЭО-3 – 8% (11,7 мың тонна).
Қазір «Самұрық-Энерго» АҚ «Қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып, Алматы ЖЭО-2 жаңғырту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жүргізуде.
Табиғи газды қолданыстағы қазандықтарға жағуға арналған ЖЭО-2-ні қайта құру ЖЭО шығарындыларын 83% төмендетеді, ал күкірт диоксиді және күл шаңы сияқты улы заттар мүлдем жоғалады. Алматы облысында орналасқан ЖЭО-3 бойынша да осындай шешімдер қажет, олардың шығарындылары Алматының әуе бассейніне 8%-ға әсер етеді, - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар министр Экологиялық кодекстің жаңа редакциясы аясында қоршаған ортаға әсерді бағалауда да, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыруда да қоғамның рөлі едәуір артқанын хабарлады.
Экологиялық кодексті іске асыру тұтастай республика үшін және әр өңір үшін де аса маңызды. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тартылған жол картасын уақтылы әрі сапалы іске асыру Алматы қаласындағы экологиялық жағдайды жақсартуға әкеледі. Осыған байланысты мен тоқсан сайын жауапты мемлекеттік органдардың Жол картасы тармақтарын іске асыру барысын қоғам алдында тыңдауды ұсынамын, - деді министр.
Мағзұм Мырзағалиев сонымен бірге жауапкершілікті және қоғамның рөлін күшейтумен қатар, кәсіпорындарда экологиялық қауіпсіз технологияларға көшуден және шығарындыларды азайтудан басқа таңдау қалмайтынын, бұл экологиялық ахуалдың нақты жақсаруына әкелетініне де тоқталды.