«Алматы жастары» бағдарламасына қатысушыларға екінші мүмкіндік берілді

7 Қазан 2022, 13:00
1266
Бөлісу:
«Алматы жастары» бағдарламасына қатысушыларға екінші мүмкіндік берілді

Алматы қаласының әкімдігі «Алматы жастары» жеңілдетілген несие беру бағдарламасына қатысуға берген өтінімдерді қосымша іріктейтінін мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жолы бағдарламаға биыл негізгі байқаулық іріктеу кезеңінде (2022 жылғы 18 мамырдан 1 маусымға дейін) өтініш берген, бірақ құжаттың дұрыс толтырылмауына/рәсімделмеуіне/берілмеуіне байланысты өтпеген өтініш берушілер ғана бағдарламаға қатыса алады, – деп хабарлады әкімдіктен.

Барлығы 1000 өтінім қарастырылып, төлем қабілеттілігі бойынша 863 несие мақұлданды. Қалған 137 орынға бұрын құжат тапсырған 5225 қатысушы үміткер бола алады.

2022 жылдың 10-14 қазан аралығында almaty-zhastary.kz сайты арқылы өтініміңізге өзгеріс енгізіп, құжаттарды тізімге сәйкес жаңартуға болады.

Айта кетейік, бағдарламаның бюджетіне 18 млрд теңге қарастырылып отыр. Ал несиенің ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі – 5, бастапқы жарнасы – 10 пайыз. Қатысушының жаңа салынған немесе қолданыстағы тұрғын үй нарығынан 45 күнтізбелік күн ішінде үй таңдау мүмкіндігі бар.

Өтініш бере алатын азаматтар санатына Алматыдағы мемлекеттік қалалық және республикалық мекемеде еңбек ететіндер, дәрігерлер мен мейірбикелер, педагогтар мен тәрбиешілер, әртістер, жазушылар, мәдениет саласының мамандары, жаттықтырушылар мен спортшылар, ЖОО оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары: журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық), өндірістік салада еңбек ететіндер кіреді.

«Алматы жастары» бағдарламасына қатысу үшін қалада тұрақты тіркелу міндетті емес.

Өзгелердің жаңалығы