Алматы және Қызылорда облыстарынан елордаға 850 тоннадан астам өнім әкелінеді

9 Қыркүйек 2021, 15:54
6813
Бөлісу:
Алматы және Қызылорда облыстарынан елордаға 850 тоннадан астам өнім әкелінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 11-12 қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы «Хан Шатыр» сауда орталығының жанында Алматы және Қызылорда облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңке әдеттегідей сенбі және жексенбі күндері сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін өтеді.

Бұл өңірлер 850 тоннадан астам өнім әкеледі. Ет, сүт, бакалея, балық, көкөніс өнімдерінен тұратын ассортимент нарық құнынан арзан бағада сатылады.

Алматы облысының атынан Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларының, сондай-ақ 17 ауданының тауар өндірушілері қатысады. Олар 54,1 тонна ет өнімін, 26 тонна сүт өнімін, 103,6 тонна көкөніс өнімін, 3,8 тонна балық өнімін, 45,3 тонна жеміс-жидек, 39 тонна картоп және 237,5 тонна өзге де өнім (кондитерлік өнімдер, консервілер және т.б.) сатады.

Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 140 тонна күріш, 20 тонна балық және балық өнімдерін, сондай-ақ 150 тонна бақша дақылдарын, 40 тонна асқабақ, 40 тонна көкөніс пен жеміс, 3 тонна ас тұзы, 5 тонна сүт және кондитерлік өнімдер сатады.

Естеріңізге сала кетейік, жәрмеңкеге барған кезде санитарлық нормалар толықтай сақталуы қажет – бетперде тағу, қолды дезинфекциялау, әлеуметтік қашықтық туралы ұмытпау керек.


Өзгелердің жаңалығы