Алматының жалпы аймақтық өнімі 2,6% өсті - Бағдат Телебай

11 Ақпан 2019, 17:41
2802
Бөлісу:
Алматының жалпы аймақтық өнімі 2,6% өсті - Бағдат Телебай

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. 2018 жылы Алматының жалпы аймақтық өнімі 2,6% өсті негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,6%-ға, оның ішінде шикізаттық емес секторда 24,4% өсті. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде айтты.

Оның айтуынша, шағын жән орта бизнестің жалпы аймақтық өнімдегі үлесі 41,6%, ШОБ 5,3%-ға көбейген. Сондай-ақ өндірілген өнімнің көлемі 12,1% артқан. 

«Бұл көрсеткіштердің өсуі көбінесе бизнестің құқығы мен заңды мүддесін сақтаудың арқасында іске асып отыр. Өткен жылы Алматы қаласы кәсіпкерлер Палатасына 167 шағым түсіп, оның 88 оң шешімін тапты. Палата кәсіпкерлер құқығын 1,2 млрд теңгеден астам сомаға сақтап қалды»,-дейді Б.Телебай.

Сонымен қатар ол, ең өзекті мәселелер кәсіпкерлердің құқығын қорғау Кеңесі мен жемқорлыққа қарсы күрестің тоғыз отырысында қаралғандығын жеткізді.

«16 мәселенің жартысы оң шешімін тапты. Мемлекеттік органның 6 қызметкері әр түрлі жауапкершілікке жауапқа тартылды. Палата салық, кеден, сәулет және қала құрылыс, жер қатынастары салаларында 28 әкімшілік кедергілерді тапты»,-деді ол.

Жиын барысында ол, туристік әлеуетті дамыту мақсатында - салалық бірлестіктер мен Алматы қаласы Туризм және сыртқы қатынастар басқармасы бірлесіп, туризм индустриясының бәсекеге қабілеттілігін зерттеп, оның қорытындысы бойынша сараптама жүргізіп, «Туризмді дамытудың 100 қадамы» бағдарламасы мен жоспары бекітілгенін айтты. 

«Осы жоспарға сәйкес, бүгін Алматыда туристік операторлар, жылжымайтын мүлік агенттіктері, қолөнер орталығы, туристерге арналған демалыс орындары және орналасқан туристік хаб құрылды. Туристік автобустарға арналған арнайы аялдамалар ұйымдастырылды, қаланың мұражайларында 4 тілді аудигидтер іске қосылды. «Kazakhstan travel» елдік порталына енгізу үшін 30 туристік нысаны бар Тізім дайындалды. Сондай-ақ Алматы агломерациясында туристік кластер құру жоспарланып отыр»,-деді Бағдат Телебай.

Әділет Мұсахаев

Өзгелердің жаңалығы