- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Алматы тауларындағы әлемдік деңгейдегі курорт: Не салу керек, нені сақтау қажет?
Алматы тауларындағы әлемдік деңгейдегі курорт: Не салу керек, нені сақтау қажет?
Әлемдік деңгейдегі демалыс орнын қалыптастыру үшін қандай нысандар қажет және құрылыс кезінде нені ескерген жөн?
14 Қыркүйек 2026, 17:50
Тауға жеткен турист көлігін қайда қалдырады? Жолда байланыс үзіліп, көмек қажет болса, кімге жүгінеді? Жаңа курортқа, жасанды қарға су қайдан алынады? Алматының тау туризмін дамыту туралы әңгімеде осы сұрақтардың да жауабы болуы керек. Әлемдік деңгейдегі демалыс орнын қалыптастыру үшін қандай нысандар қажет және құрылыс кезінде нені ескерген жөн? BAQ.KZ тілшісі екі маманның пікірін білді.
Туризмді зерттейтін «Инсайд Тревел» компаниясының директоры, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ қоғамдық кеңесінің мүшесі Еркін Тикенов таулы аумақтарды дамыту жөніндегі пікірталаста әр тараптың уәжі бар екенін айтады. Экологтер мен қала тұрғындарының бір бөлігі табиғатты қорғау мәртебесіне, су қорына және тау экожүйелерінің осалдығына алаңдайды. Ал дамытуды қолдайтындар жұмыс орындарын ашу, турист тарту және өңір табысын арттыру мүмкіндігін алға тартады.
«Туризмді дамыту баламасыз игілік ретінде де, біржақты зиян ретінде де көрсетілмеуі керек. Бұл тақырыптағы материалда көзқарастардың алуан түрлілігі қамтылуға тиіс», – дейді Еркін Тикенов.
Сарапшы өз ұсыныстарының нақты бір жобаға немесе инвесторға қолдау білдірмейтінін ескертті. Оның айтуынша, бастысы – кез келген жобаны қандай талаптармен бағалайтынымызды алдын ала айқындау.
Туристке қандай инфрақұрылым қажет?
Туризм менеджері Мадияр Жұмаділов мәселенің турист күнделікті кездесетін тұстарына назар аударады. Тауға қатынайтын қолайлы көлік, таза дәретхана, түсінікті бағыт-бағдар, байланыс пен төлем жасау мүмкіндігі – демалыс сапасына тікелей әсер ететін жағдайлар.
«Тау маршруттарында бірыңғай стандартқа сай санитарлық-гигиеналық тораптар, қоқыс сұрыптау пункттері және қауіпсіздік үшін сенімді ұялы байланыс пен Wi-Fi желілері жетіспейді», – дейді ол.
Жұмаділов заманауи визит-орталықтар мен құтқару бекеттерін көбейтуді ұсынады. Сонымен бірге жыл бойы жұмыс істейтін отбасылық курорттар, табиғатқа әсері барынша аз қонақүйлер мен глэмпингтер қажет деп санайды. Қандай орналастыру нысаны салынса да, оның көлемі мен табиғи ортаға түсіретін салмағы есептелуге тиіс. Тикенов ірі альпілік курорттардың үлгісін Алматы тауларына сол күйінде көшіру тәуекелді екенін айтады. Жаңа шаңғы жолдарын жаппай ашу, үлкен қонақүйлер тұрғызу және су қорын ескермей жасанды қар өндіру экожүйеге қосымша жүктеме түсіруі мүмкін.
Ол жер бедеріне үйлесетін, ауқымды ағаш кесуді қажет етпейтін модульдік нысандарды қарастыруды ұсынады. Мұнда ғимараттың сыртқы көрінісімен қатар, қанша су мен энергия тұтынатыны, қалдықтары қалай жиналып, өңделетіні де маңызды. Сонымен бірге сарапшы қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуды кейінге қалдыруға болмайтынын жеткізді.
«Базалық инфрақұрылымды жаңғыртпай, курорт қызмет көрсету мен қауіпсіздіктің халықаралық деңгейіне шыға алмайды», – дейді Тикенов.
Оның пікірінше, ескірген аспалы жолдар мен қауіпсіздік жүйелерін жаңарту, бар сұранысты сапалы қызметпен қамтамасыз ету – дамытуды қолдайтын тараптың орынды уәждері.
Жасанды қарға су қайдан алынады?
Жаңа нысандарды жоспарлау кезінде су мәселесі бөлек қаралуға тиіс. Әсіресе жасанды қар өндіру үшін судың қайдан алынатынын және оның табиғи ортаға әсерін алдын ала есептеу қажет. Тикенов мұндай жүйелерді еріген қар мен жауын суын жинайтын автономды қоймаларға негіздеуді ұсынады. Ал суы азайған кезеңде шағын тау өзендерінен су алу экологиялық тәуекелді күшейтеді деп есептейді. Қар жамылғысы мен су қорын тұрақты бақылау да жобаның бір бөлігі болуы керек.
Бұған қоса, әр аумақтың қанша туристі табиғатқа шамадан тыс зиян келтірмей қабылдай алатыны анықталуға тиіс. Сарапшы мұндай бағалаудың құрылыс жүргізушіге тәуелсіз болғаны маңызды екенін айтты. Қонақүй мен аспалы жолдың сыйымдылығын есептегенде осы шек ескерілуі қажет.
Таудағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?
Қауіпсіздікке қатысты ұсыныстары да алдын ала әрекет етуге бағытталған. Тикенов көшкін қаупін цифрлық бақылауды, маршрутта адамның орналасқан жерін анықтауға көмектесетін технологияларды және медициналық-құтқару инфрақұрылымын дамытуды ұсынады.
Ал Жұмаділов бұл мәселеде адам даярлығының да маңызын атап өтеді. Оның пікірінше, шет тілдерін меңгерген, сертификатталған тау гидтері мен нұсқаушыларының базасын қалыптастыру қажет. Шетелдік қонақ маршрутты таңдағанда өзіне кімнің жол көрсететінін, қандай қызмет алатынын білуі керек.
Әуежайдан тауға дейін: турист қалай жетеді?
Туристің таудағы демалысы әуежайдан басталады. Жұмаділов келген қонаққа ағылшын және өзге де кең қолданылатын тілдерде түсінікті навигация, тауға жеткізетін экспресс-шаттлдар мен қолайлы маршруттар ұсынылуы қажет екенін айтады.
Тикенов те көлік қатынасын жақсартуды қолдайды. Алайда ол жеке автокөлікпен кіруге жағдай жасай берудің салдарына назар аударды.
«Автокөлікпен кіру мүмкіндігін кеңейтуге және үлкен тұрақтар салуға басымдық беру – тұйық жол. Бұл туристік маусымның қызған шағында тұрақты кептеліске, ауаға тарайтын шығарындылардың өсуіне және демалыс аумақтарының шумен ластануына әкеледі», – дейді сарапшы.
Оның ұзақ мерзімге ұсынатын шешімі – көлікті арнайы тұрақта қалдырып, әрі қарай сыйымдылығы жоғары электрлі шаттлға немесе аспалы жолға ауысу. Мұндай жүйе іске қосылғанда көлік ауыстыру тораптарынан жоғары жеке автокөліктің қозғалысын шектеу мүмкіндігін қарастыруға болады. Дегенмен балама көлік жүйесін құру уақыт пен қаражатты қажет етеді.
Осыны ескерген Тикенов жолдың жекелеген бөліктерін кеңейтуді өтпелі шешім ретінде қарастыруға болатынын жеткізді.
Сарапшы «әуежай – қалалық көлік торабы – тауға қатынайтын шаттл немесе аспалы жол» бағытын бір цифрлық билетке біріктіруді де ұсынады. Жолаушының жүгін жеткізу осы жүйемен үйлестірілгені жөн. Ал платформалар, өткелдер мен көлікке мінетін алаңдар мүгедектігі бар адамдарға, егде жастағы туристерге және балалар арбасымен жүретін ата-аналарға қолайлы болуы керек.
Жұмаділовтің цифрландыруға қатысты ұсынысы осы сапарды әрі қарай жалғастырады. Турист бірыңғай қолданба арқылы тұратын орнын, аспалы жол билетін және гид қызметін брондай алуы қажет. Туристік нысандарда Visa, Mastercard карталарымен, Apple Pay арқылы төлем жасауда кедергі болмағаны маңызды.
Көктем мен күзде туристі немен тартуға болады?
Қызмет сапасын жыл бойы ұстап тұру үшін маусымаралық кезеңдегі сұранысты да ойластыру керек. Жұмаділовтің айтуынша, көктем мен күзде турист тартуға мүмкіндік беретін бағыттар баяу дамып келеді. Ол конференциялар өткізу, этнотуризм мен SPA қызметтері бар демалыс орындарын дамыту осы олқылықтың орнын толтыруға көмектеседі деп санайды.
Тикенов әр шатқалдың ерекшелігіне қарай мамандануын ұсынады. Бір аумақ спорттық туризмге, екіншісі сауықтыруға, үшіншісі отбасылық демалысқа бейімделуі мүмкін. Оның пікірінше, бұл табиғатқа түсетін жүктемені таратуға және жергілікті кәсіпкерлердің туризмге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді.
Курортты кім қаржыландырады, кім басқарады?
Алайда осындай нысандарды кім қаржыландырады және кім басқарады деген сұрақ бар. Жұмаділов жеке инвесторлардың инфрақұрылым тарту кезінде бюрократиялық кедергілерге тап болатынын атап өтті. Қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарға толық сай келмеуін де жүйелі мәселелердің қатарына қосады.
Тикенов ірі капиталдың қажеттігін мойындай отырып, нарықтың аз ғана компанияның қолына шоғырлану қаупін ескертеді.
«Халықаралық деңгейдегі базалық инфрақұрылымды құру үшін ірі инвестициялар қажет. Шағын және орта бизнес оны өз бетінше қаржыландыра алмайды. Бірыңғай оператор болмаған кезде басқарудың бытыраңқы болу қаупі де бар», – дейді ол.
Сарапшы базалық инфрақұрылым мен коммерциялық қызметті бөлуге болады деп есептейді. Мәселен, негізгі аспалы жолдар, электр желілері мен экосоқпақтар мемлекет немесе консорциум қарауында болуы мүмкін. Ал жабдық жалдау, гид қызметі, тамақтану орындары мен шаңғы мектептері жергілікті кәсіпкерлерге ашық болғаны жөн. Нарыққа кіру тәртібі түсінікті цифрлық ережелермен және ашық аукциондармен реттелуі қажет.
Туристік аумақты басқару ұйымының жұмысына тәуелсіз экологтерді, урбанистерді және жергілікті қауымдастық өкілдерін қатыстыру да ұсынылып отыр. Тикенов әр шатқал бойынша қоғамдық кеңес құрып, жобаларды құрылыс басталмай тұрып талқылау маңызды екенін айтты. Операторлардың су тұтынуы, қалдықтарды қайта өңдеуі және жергілікті қауымдастыққа қосқан үлесі туралы есептері ашық болуы керек.
Көкжайлау: туристік тиімділіктен бөлек талаптар бар
Бұл талаптар Медеу–Шымбұлақ, Түрген, Қаскелең аумақтарын дамытуға қатысты ұсыныстарды бағалауда да, Көкжайлау төңірегіндегі пікірталаста да маңызды. Дегенмен Тикенов туристік тұрғыдан тиімді көрінген шешімнің өзі белгілі бір аумақты құрылысқа ашуға негіз бола алмайтынын атап өтті.
«Аталған құралдардың ешқайсысы нақты бір аумақта, соның ішінде Көкжайлауда құрылыс жүргізуге бола ма деген сұраққа автоматты жауап бермейді. Бұл – тек туристік тұрғыдан тиімділік мәселесі емес, ең алдымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтың мәртебесіне, қолданыстағы заңнамаға және қоғамдық талқылау нәтижелеріне байланысты мәселе», – дейді Еркін Тикенов.
Сондықтан жаңа курорттың жобасында нысандардың орны мен құнын көрсетумен шектелуге болмайды. Қанша адам келеді, оларға қанша су қажет, қалдық қайда кетеді, төтенше жағдайда көмек қалай жетеді және жергілікті тұрғындар қандай пайда көреді деген сұрақтарға да жауап болуы тиіс. Осы есеп пен талқылау құрылыс басталғанға дейін жасалғанда ғана туризмді дамыту жөніндегі шешімнің қаншалықты негізді екенін бағалауға болады.
Ең оқылған:
- Астанада шетелдік блогермен видеоға түскен полицейлер жұмыстан қуылды
- Қазақстанға заңсыз кіргізілмек болған 107 тонна өнім кері қайтарылды Ақбота
- Тегін берілетін дәріні заңсыз сатқан: 60-тан астам дәріхана мен медициналық ұйым жазаланды
- Қазақтың тұскиізі БРИКС логотипіне енді
- Жаңбыр, тұман, қатты жел: Ел аумағында ескерту жарияланды
Олжас АДАЙ