Алматы тауларында жоғалған екі жасөспірім аман-есен табылды

Құтқарушылар оларды таулы аймақтан қауіпсіз жерге шығарып, ата-аналарына тапсырды.

 Скриншот 20 Тамыз 2026, 02:34
20 Тамыз 2026, 02:34
201
Фото: Скриншот

Алматы қаласының Бостандық ауданында, Үлкен Алматы шыңының маңында теңіз деңгейінен шамамен 3680 метр биіктікте екі жасөспірім жоғалып кеткен.

Төтенше жағдай туралы хабарлама 19 тамыз күні түскен. Анықталғандай, жасөспірімдер алдыңғы күні таңертең тауға шығып, сол күні үйлеріне оралуды жоспарлаған. Алайда белгіленген уақытта қайтып келмеген. Олармен байланыс болмаған, геолокация деректерін де анықтау мүмкін болмады.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Мониторинг және жедел ден қою орталығының құтқарушылары дереу кірісті. Іздеу нәтижесінде жасөспірімдер Аюсай шатқалынан табылды.

Құтқарушылар оларды таулы аймақтан қауіпсіз жерге шығарып, ата-аналарына тапсырды. Жасөспірімдерге медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ тауға шығар алдында маршрутты алдын ала зерттеп, ауа райы мен жер бедерінің ерекшеліктерін ескеруге шақырады. Сондай-ақ жақындарыңызға баратын бағытыңыз бен қайту уақытыңызды хабарлап, телефонды толық қуаттап алған жөн. Қауіпсіздік мақсатында тауға жалғыз шықпау ұсынылады.

Наверх