Алматы маңындағы Аюсай шатқалында ата-анасымен серуендеп жүріп жоғалып кеткен 2015 жылы туған бала табылды. Оны құтқарушылар мен еріктілер іздеу барысында анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іздеу жұмыстары шамамен 2 мың метр биіктікте жүргізілді. Оқиға орнында жедел штаб құрылды.
Іздеу операциясына Төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның, құтқару қызметтерінің қызметкерлері, орманшылар, еріктілер, әскери қызметшілер, ҰҚК Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның өкілдерін қоса алғанда, 160-қа жуық адам жұмылдырылды.
Сондай-ақ іздеу жұмыстарына кинологиялық есептоптар, дрондар және ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды.
Іздеу топтары Аюсай шатқалының алты шақырымнан астам аумағын және Үлкен Алматы өзенінің арнасын тексерді. Сонымен қатар аумақ әуеден де бақыланды.
Нәтижесінде құтқарушылар мен еріктілерден құралған бірлескен топ жоғалған баланы тапты.
Іздеу жұмыстары аяқталды.
Еске салсақ, бұған дейін де Алматы тауларында жоғалған екі жасөспірім аман-есен табылғаны туралы жаздық. Құтқарушылар оларды таулы аймақтан қауіпсіз жерге шығарып, ата-аналарына тапсырды.
Тағы оқи отырыңыз: 19 жылдан кейін Северцов мұздығынан жоғалған альпинистің сүйегі табылды – қызы әкесінің рюкзагын таныған