Алматы тауларында қамалып қалған туристер құтқарылды

12 Қыркүйек 2021, 21:14
5477
Бөлісу:
Алматы тауларында қамалып қалған туристер құтқарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Үлкен Алматы шыңына көтерілген туристерді құтқарды. Бұл туралы ҚР ТЖМ РЖҚЖ баспасөз қызметі хабарлады.

Құтқарушыларға зардап шеккен адам туралы ақпарат 11 қыркүйекте келіп түскен. 

ТЖД жедел кезекшісінің айтуынша, Үлкен Алматы шыңы ауданында турист құлап, екі аяғын жарақаттаған. 

Республикалық жедел құтқару жасағының (РЖҚЖ) жедел тобы дереу оқиға орнына шықты. Құтқарушылар жедел автокөлікпен космостанцияға дейін жетіп, одан әрі жаяу барды. Біраздан соң Проходное шатқалы арқылы зардап шегушіге көмектесуге тағы бір жедел топты іске қосу туралы шешім қабылданды. Ер адам 12 қыркүйекте таңғы сағат 5-те табылды. Оның қасында тағы 2 адамның бары анықталды және олар жартасты жерде болған, - делінген хабарламада. 

Хабарламада айтылғандай, туристер Үлкен Алматы шыңына бағыт алған. Қараңғы түскенше шыңға жетіп үлгермейтіндігін түсінген туристер кері қайтады. Қайтар жолды қысқартқысы келген туристер келген бағыттарынан тайып кеткен. Нәтижесінде олар қауіпті әрі тік жарға тап болған. Ал туристердің бірі 5 метрлік жардан құлап, екі аяғынан жарақат алған. 

Құтқарылған ер адамға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жәбірленушінің жағдайы қанағаттанарлық, дегенмен ауырлық тигізді. Көтерілуге қиын тау шатқалынан бөлек, межелі жерге жетуге ауа-райы да әсер етті. Сол сәтте қатты желмен қоса жаңбыр аралас қар жауды. Жәбірленушіні зембілмен ұзақ уақыт тасымалдау мүмкін болмаған соң әуе кемесі «Қазавиақұтқару» мекемесінің мамандарына жүгіну туралы шешім қабылданды. 

Құтқарушылар ер адамды тікұшаққа дейін апарды, одан әрі зардап шегуші медицина және апаттар орталығына жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы