Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында, сондай-ақ Алматы облысына іргелес аймақтарда туристер саны жыл сайын артып келеді. Алайда демалушылар мен саяхатшылар санының көбеюі таудағы қайғылы оқиғалардың да жиілеуіне әсер етіп отыр. Соңғы жылдардағы статистика таудағы адам өлімі көрсеткішінің алаңдатарлық деңгейге жеткенін көрсетеді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің BAQ.KZ редакциясына берген ресми жауабында айтылған.
2025 жыл – ең қайғылы жылдардың бірі
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы таулы аймақтарда 154 адам құтқарылған, олардың бесеуі кәмелетке толмағандар. Сол жылы 21 адамға дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, үш адам қайтыс болған. 2023 жылы жағдай күрделене түскен: құтқарылғандар саны 270 адамға жетіп, олардың 38-і балалар мен жасөспірімдер болған. Сол жылы 45 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, сегіз адам көз жұмған.
2024 жылы тауда құтқарылғандар саны 338 адамға дейін өскен. Оның ішінде 43 кәмелетке толмаған бала болған. 48 адамға дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, алты адам қаза тапқан.
Ал ең алаңдатарлық көрсеткіш 2025 жылы тіркелді. Өткен жылы Алматы тауларында 608 адам құтқарылған. Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай көп көрсеткіш. Құтқарылғандардың 88-і кәмелетке толмағандар болса, 69 адамға медициналық көмек қажет болған. Ең бастысы – бір жылдың ішінде 13 адам қаза тапқан. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады.
Биылдың өзінде адам өлімі тіркелді
2026 жылдың бүгінгі күніне дейін тауда 31 адам құтқарылған, оның төртеуі кәмелетке толмаған. 12 адамға дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, бір адам қаза тапқан.
Неге тауда қайғылы жағдайлар көбейіп жатыр?
Мамандардың айтуынша, туристермен болатын төтенше жағдайлардың негізгі себептері – жергілікті аумақты білмеу, ауа райына байланысты ескертулерді елемеу, жорыққа дайындықтың жеткіліксіздігі, өз мүмкіндіктерін асыра бағалау және әлеуметтік желілердегі роликтерге сеніп, маршрут таңдауы. Әсіресе құтқарушылар әлеуметтік желілерде көрсетілетін бағыттар әрқашан қауіпсіз бола бермейтінін ескертеді.
Құтқарушылардың кеңесі
Құтқару қызметі тауға шығар алдында маршрутты мұқият жоспарлауға, күрделілік деңгейін бағалауға, нақты аймақтың ауа райын тексеруге және туыстарына қайда баратынын ескертуге шақырады. Сонымен қатар тауға жалғыз бармау, тексерілген гидтерді пайдалану және денсаулық жағдайын ескеру ұсынылады.
Жаңа талап: маршрут туралы алдын ала хабарлау керек
Бұдан бөлек, 2025 жылғы 27 тамызда қабылданған жаңа талаптарға сәйкес, азаматтар қауіпті және жетуі қиын тау бағыттарына сапар бастамас бұрын өз маршрутын алдын ала хабарлауы тиіс. Мұны «eQonaq» ақпараттық жүйесі, электрондық пошта немесе 112 нөмірі арқылы жасауға болады. Бұл талап таудағы қайғылы жағдайлардың алдын алу және жоғалған адамдарды жедел іздеу үшін енгізілген.
Еске салсақ, 2026 жылғы 31 мамырда Алматы тауларында адасып кеткен сегіз турист құтқарылғанын хабарлаған болатынбыз. Қараңғы түскеннен кейін бағытынан жаңылған туристер «Шымбұлаққа» өздігінен түсе алмаған.
Тағы оқи отырыңыз: Алматы таулары неге халыққа әлі де қолжетімсіз? Экономист мәселені түсіндірді
Шымбұлаққа түсетін салмақты азайту қажет – Федерация президенті