Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын шығарды

31 Желтоқсан 2021, 15:14
1943
Бөлісу:
Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын шығарды

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын шығарып, бір жылда атқарылған жұмыс нәтижелеріне баға берді.

Жыл қорытындысына арналған жедел кеңесті Департамент бастығы әділет полковнигі Д.Т. Қанатбеков ашып, Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Ішкі істер министрлігінің шешімдерін іске асыруға бағытталған жұмыстардың тиімділігіне тоқталды.

2021 жыл жалпы еліміздің Қылмыстық-атқару саласы үшін өзгерістерге толы жыл болды. Соның ішінде Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты түзеу мекемелері де Қылмыстық-атқару жүйесін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған “Жол картасы” бағдарламасын іске асыру аясында айтарлықтай жұмыстар атқарды.   Департаментке қарасты мекемелерде сотталғандардың құқықтық және ұстау жағдайын жақсарту, оларды жұмысқа орналастыру сияқты маңызды жұмыстар жүйелі жүргізілді. Ең бастысы – цифрландыруға және жүйенің ашықтығына бағытталған жұмыстардың тиімділігі бүгінде өз нәтижесін беруде, - деп атап өтті  өз сөзінде департамент бастығы Д.Қанатбеков.

Бір жыл ішіндегі жұмыстардың қорытындысы туралы баяндама жасаған Штаб бастығы әділет подполковнигі А. Есмағамбетова Департаментке қарасты мекемелерде барлығы 1420 адам ұсталынса, оның 1209-ы тергеу изоляторында, 211-і түзеу мекемелеріндегі сотталғандар екенін атап өтті. Баяндама барысында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын іске асыру бойынша қолданылып жатқан шаралар мен жеке құрамды және арнайы контингенттерді ревакцинациялау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударылды.

Мекемелерде белгіленген жаза өтеу тәртібін сақтауға, сотталғандардың арасында құқықбұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған қажетті жұмыстар атқарылды.  Тыйым салынған заттардың мекемелерге кіру жолдарын жабу жұмыстары жандандырылып, соның нәтижесінде 33 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тыйым салынған заттардың арасында спирттік ішімдіктер мен есірткі заттары, ақша мен ұялы телефондар жиі тәркіленеді, - деп атап өтті баяндамада Штаб бастығы А. Есмағамбетова.

Алматы қаласында бір жыл ішінде пробациялық бақылау есебінен 6239 сотталған өтіпті. Бүгінгі таңда есепте тұрғандар саны 2859 адам. Жыл ішінде Пробация қызметі жергілікті атқарушы органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып 5597 сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек алуға көмек көрсеткен. Бұл туралы Пробация қызметінің бастығы  М.А.Закирбаев баяндады.

Инженерлік-техникалык құралдар және байланыс тобының бас маманы әділет подполковнигі Е.Е. Изенбаевтың баяндамасында мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтудың арнайы бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар атап өтілді.
Жедел кеңес соңында департамент бастығы ҚАЖ мекемелерінде өткен жылы жүргізілген жұмыстарды алдағы жылы да қарқынды түрде жалғастыруға және бірқатар қызмет түрін жандандыруға тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы