Алматы Орталық Азияның ММА жұлдыздарының басын қосады

16 Тамыз 2021, 15:34
4308
Бөлісу:
Алматы Орталық Азияның ММА жұлдыздарының басын қосады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18 тамызда еліміздің ең ірі мегаполис қаласы Алматыда аралас жекпе-жектен Аlash Pride Grand Prix 67 турнирі өтеді.

Бұл додаға тек Қазақстанның ММА спортшылары ғана емес, алыс-жақын шетелден де файтерлер келеді. Осы жарыс туралы Аlash Pride промоутерлік клубының президенті Данияр Қасқарауовтың пікірін білген едік.

Эпидемологиялық жағдайдың күрделігіне байланысты екі рет осы турнирді кейінге шегеруге тура келді. Алғашында 7 тамыз күні өткіземіз деп жоспарлағанбыз. Алайда 2 тамыздан бері Алматы қаласында локдаун жарияланған. Бүгінгі күні де жағдай күрделі. Сондықтан турнирге көрермен кіре алмайды. Алайда көрермендерге алаңдауға себеп жоқ. QAZSPORT арнасы тікелей эфирде трансляция таратуды жоспарлап отыр, – дейді Данияр Қасқарауов.

Оның айтуынша, Аlash Pride Grand Prix 67 турнирінде рейтингтік жекпе-жектер үшін сегіз бұрышқа Мақсат Есболатов, Серік Тлекеев, Ғалымжан Қанаев, Бауыржан Қалмұрзаев (бәрі де – Қазақстан), Бобы Құрбанов, Азамат Нуфтиллаев, Бобыржон Абдулазизов, Муроджон Ахмедов, Жәнібек Номозов (бәрі де – Өзбекстан), сондай-ақ, Медербек Нұрмаматұлы (Қырғызстан) қатысады.

Ал Grand Prix жүлдесін жекпе-жек түрлері бойынша халақаралық турнирдің жеңімпаздары өзара сарапқа салады. Қазақстаннан – Ерасыл Шұқатаев (9-2), Ержан Шапауов (4-0), Тимур Жапаров (5-2-1), Ерзат Шашубаев (дебют) бақ сынаса, Қырғызстаннан – Қылым Алтымышұлы (3-0), Аргент Маратбекұлы (16-9), Баяман Жолдубеков (3-0), Ақылбек Ысманалиев (3-0) қатысады. Өзбекстан намысын Шухрат Оринбоев (4-0), Жасур Каримов (6-3), Лазизхон Узбеков (дебют), Исроилжон Расулов (дебют) қорғайды.

Арулардан қазақстандық Зәмзәгүл Файзолланова мен өзбекстандық Комолдинова арасында өтеді.

Зәмзәгүл – өзінің мықтылығын бірнеше рет дәлелдеген тәжірибелі спортшы. Ал өзбекстандық қарсыласы үшін бұл жекпе-жек ММА-дағы алғашқы жұдырықтасуы болмақ. Файзолланованың шеберлігіне күмәнданудың қажеті жоқ. Бірақ тәжірибе мен жастықтың қайсысы алдыға шығатынын уақыт көрсетеді. Зәмзәгүл ұзақ үзілістен кейін сегіз бұрышқа оралып отыр. Сондықтан дебютантпен бәсекеде өзінің жауынгерлік дайындығы мен жеңіске деген ұмтылысын барыныша көрсету керек болады, – деді Данияр Қасқарауов.

Естеріңізге салсақ, ALASH PRIDE – Қ азақстандағы ММА бойынша ең ірі спорттық ұйым. Осыған дейін 40-тан астам әр түрлі турнир өткізген.

Өзгелердің жаңалығы