Алматы облысындағы жылыжайда жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады

28 Қаңтар 2022, 10:58
2876
Бөлісу:
Алматы облысындағы жылыжайда жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Көксу ауданында жидек өнімдерімен аудан халқын қамтамасыз ету үшін биыл алғаш рет 0,25 га жерге жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады. 

Жылыжайда ғылым мен техника жетістіктерін қолдану арқылы оңтүстік кореялық «Сольхян» сұрыпы егілген, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Алматы облысындағы жылыжайда жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады

Ауданы 2 гектар жерге иелік етіп отырған «ҚазАгроСервис» ЖШС 2014 жылдан жылыжай ісімен айналысады. Серіктестік басшысы Светлана Зубович жылыжайда көк жуа, гүлдің сан-алуан түрін өсірумен қатар биылғы жылы  алғаш рет жаңа әдіспен құлпынай егуді бастағанын айтады. Жылыжайға қажетті қондырғыларды «Жетінар» кредиттік коорпорациясының көмегімен орнатқан. Маусымдық жұмыстар кезінде 10-ға жуық адамды, тұрақты жұмыспен 2 адамды қамтып отыр. Жылыжай орналасқан Балпық би ауылы облыс орталығынан алыс емес. Сондықтан тұтынушы табуда қиындық жоқ. Себілген құлпынайдың кореялық тұқымы қыстық сорт. Желтоқсан айынан мамыр айына дейін өнім береді. 

Алматы облысындағы жылыжайда жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады

Биыл алғашқы өнім болғандықтан 700 кг құлпынай алуды жоспарлап отырмыз. Құлпынай өзге көкөністер секілді көп жылуды қажет етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылылықта өсіп шығады. Ал қыстың күнгі аяздарда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Құлпынайдың үлкенінің салмағы 50-55 грамға жетеді. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан сұраныс жоғары болады деп ойлап отырмыз. Алдағы уақытта өнімді арттыруға жұмыс жасаймыз. Дегенмен мол өнім алу үшін жылыжайдың жылыту жүйесін көгілдір отынға ауыстыру қажет. Қолбайлау болып отырған жалғыз жай осы ғана. Бұл мәселеде Көксу ауданының әкімдігі қолұшын беруге дайын екендіктерін айтты, - деді Светлана Зубович. 

Алматы облысындағы жылыжайда жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады

Алдағы уақытта нысанға көгілдір отын тартылса, серіктестік жылыжай ауқымын кеңейтіп, қияр мен қызанақ өсіріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Негізінен ауданда құлпынай бизнесі дамымаған, нарықта көбінесе шеттен әкелінген құлпынай саудаланады. Алдағы уақытта жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту мен өнімділігін арттыруды мақсат етіп отырмыз. Осы жобаны жүзеге асыру арқылы аудан халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артады. Жоба сәтті жүзеге асатын болса, жаңа технология өзге де елді мекендердегі фермерлік шаруашылықтарға енгізілетін болады, - дейді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков.

Өзгелердің жаңалығы