Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында толассыз жауған жауын-шашын салдарынан Түрген өзенінің су деңгейі көтерілді.
Соның салдарынан Түрген – Ассы автожолының 25-шақырымын су басты. Сондай-ақ өзен бойындағы 6-9 шақырым аралығында орналасқан алты киіз үй мен «Түргенсай» демалыс аймағын су басып, қолдан жасалған жаяу жүргіншілер көпірлері ішінара бүлінді.
Тексеру барысында БАК каналы бойындағы автожолдың 54-шақырымындағы көпірдің су өткізгіш бөлігінің маңындағы топырақ шайылғаны анықталды. Аталған көпір 2024 жылы апатты деп танылған.
Оқиға орнында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовтің қатысуымен жедел штаб құрылды. Оның құрамына төтенше жағдайлар қызметі, полиция және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Қазіргі уақытта туристік нысандар мен демалыс аймақтарында болған адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Билік жағдай тұрақты бақылауда екенін, су тасқынының салдарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, бүгін Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын.
Сонымен қатар редакцияға Алматы облысына қарасты Іргелі және Көксай ауылындағы жағдайдың видеолары да келіп түсті.