Алматы облысындағы заңды ойын бизнесі субъектілерінен алты ай ішінде мемлекеттік бюджетке 25 млрд теңге салық түсті. Оның 10,6 млрд теңгесі өңірлік бюджетке аударылды.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, соңғы екі жарым жылда саладан мемлекеттік бюджетке жалпы 184,7 млрд теңге салық түскен. Оның 53,8 млрд теңгесі өңірлік бюджет кірісіне бағытталған.
Өңірде 21 ойын бизнесі нысаны жұмыс істейді
Қазіргі уақытта Қонаев қаласында ойын бизнесі саласында 21 нысан жұмыс істейді. Оның ішінде:
5 казино;
13 букмекерлік кеңсе;
3 ойын автоматтары залы бар.
Бұл салада шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді.
Шетелдік туристердің үлесі – 20 пайыз
Ойын бизнесі өңірдің туристік саласының дамуына да оң әсерін тигізіп отыр.
Алматы облысы Туризм басқармасының мәліметінше, Қонаев қаласындағы казиноларға келушілердің шамамен 20 пайызы – шетел азаматтары.
Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, Қонаевқа келген әрбір турист қонақүйлерге орналасып, қоғамдық тамақтану орындарын, көлік, сауда және басқа да қызмет түрлерін пайдаланады.
Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді. Сондықтан туристік ағынның артуы өңірдің қызмет көрсету саласының дамуына оң әсер етуде, – деді басқарма басшысы.
Талғар ауданында жаңа ойын аймағы ашылуы мүмкін
Қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» заң аясында Талғар ауданында тек шетел азаматтарына арналған жаңа ойын аймағын құру жоспарланып отыр.
Бұл бастама қоғамдық кеңесте қаралып, оң қорытынды алған.
Неліктен Талғар ауданы таңдалды?
Жобаны Талғар ауданында орналастыру туралы ұсыныс өңірдің туристік әлеуетіне байланысты қабылданған.
Аудан Алматы қаласы мен халықаралық әуежайға жақын орналасқан. Сонымен қатар мұнда тау туризмі, сауықтыру және демалыс бағытындағы ірі туристік нысандар шоғырланған.
Олардың қатарында:
«Ақбұлақ» спорттық-сауықтыру кешені;
Oi-Qaragai тау-шаңғы курорты;
Aquaasia Resort;
Tal Resort демалыс кешені бар.
Жоба өңір экономикасына қалай әсер етеді?
Қуанышбек Мирамбекұлының сөзінше, жаңа ойын аймағы өңірдің туристік экожүйесінің бір бөлігі ретінде дамытылады.
Бұл туристерге ұсынылатын қызмет түрлерін әртараптандырып, сервистік инфрақұрылымды дамытуға қосымша мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру нәтижесінде қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және басқа да қызмет көрсету салаларына серпін беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар инвестиция көлемі артып, бюджет кірісі ұлғаяды.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда казиноға жаңа аймақтар белгіленді: Кімдерге кіруге рұқсат?
Лудоманиямен күрес күшейді: 55 мың казино жабылып, 463 мың адам өзіне шектеу қойған
"Бір кеште 1,5 млн теңге жоғалттым": Құмар ойын адам психикасын қалай өзгертеді?