Алматы облысында күн электр стансасы іске қосылды

3 Қыркүйек 2019, 23:00
3695
Бөлісу:
Алматы облысында күн электр стансасы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының Қапшағай қаласында «Eneverse Kunkuat» ЖШС-ның «Nurǵısa 100 МВт Solar Park Qapshaǵaı» күн электр стансасының 100 мегаваттық 1-ші кезегі іске қосылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.

Алдымен жобаның іске асырылу кезеңдері мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Компания өкілдерінің айтуынша, құны 27,7 млрд. теңгелік жобаны қаржыландыруға «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-тың қаражаты мен «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ның қаржылық лизингі тартылды. Ал 10,4 млрд. теңгесі - меншікті капитал, яғни нысанға салынған инвестиция. Өз кезегінде кәсіпорынның іске қосылуына жергілікті атқарушы билік қолдау білдіріп, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы жоғары вольтты желілердің құрылысын облыстық бюджеттен 233 млн. теңгеге қаржыландырған.

Салтанатты жиында көпшілікті маңызды нысанның ашылуымен Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбек құттықтады.

"Алматы облысында электр энергиясының тапшылығы бар. Сондықтан бүгін іске асырылып отырған ірі жобаның маңызы зор деп есептеймін. Бұл жоба айналасы бір жылдың ішінде іске қосылды. Жалпы елімізде «Экспо -2017» көрмесі альтернативті энергетика жобаларының қарқынды жүзеге асырылуына зор серпін берді. Бүгінгі күні республикада 70-тен астам электр өндіретін нысан бар. Соның 20-дан астамы Алматы облысында. Бұл жағынан облыс көшбасшы саналады. Қазіргі кезде Қазақстанда 800 МВт электр қуаты
жаңартылған энергия көздерінен алынып отыр. Сондай тағы 5 нысан ашу жоспарланған. Біздің бизнесмендер күн электр стансасын іске қосуға бар күш-жігерін салды. Үкімет тарапынан да қажетті қолдау шаралары көрсетілді. Осындай жобалардың арқасында елімізде өндірілетін электр энергиясындағы ЖЭК үлесі 3 %, 2030 жылға қарай 10 % жеткізіледі. Осы жобаға атсалысқан азаматтардың бәріне алғыс айтамын", - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі Амандық Баталов билік пен бизнестің өзара ынтымақтаса жұмыс істеуі зор нәтижелер беріп отырғанын, бүгінгі нысанның ашылуы соның бір айғағы екенін айтты.

"Алматы облысы экономиканың барлық бағытында жақсы дамып келеді, индустриалды аймақтар құрылып, жаңа нысандар ашылуда. Жаңадан іске қосылған ірі кәсіпорындардың барлығы қолжетімді электр қуатын қажет етеді. Бүгінгі ашылып отырған күн электр стансасы облысты электр қуатымен қамтамасыз етуге үлес қосатын маңызды нысан болмақ. Бұл – Солтүстік-Оңтүстік электр тарату желісінің бойында тұрған ірі нысан. Сонымен бірге жобаның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджетке салық түсімінің және өңірге тартылған инвестиция көлемінің артуына септігін тигізеді. Оның нәтижесі облыс экономикасына оң ықпал етіп, игілігін халық көреді. Осы істегі серіктестерімізге ризашылығымды білдіремін. Билік пен бизнестің бірігіп жұмыс істеуі өз жемісін беріп отыр", - деді Баталов.

«ENEVERSE KUNKUAT» компаниясының құрылтайшылары Болат Абилов пен Ораз Жандосов көрсетілген мемлекеттік қамқорлыққа
ризашылығын айтып, қаржылай қолдау көрсеткен, станса құрылысын жүргізген компанияларға, құрылысшы-жұмысшыларға алғыстарын жеткізді. Ресми қонақтар күн электр стансасының символикалық тетігін басып, іске қосты.

Сол сияқты осы шарада компания өкілдері Қапшағай қаласының әлеуметтік нысандарын дамытуға 250 млн. теңгенің сертификатын сыйға
тартты. Бұл ретте келесі жылы Қапшағай қаласының 50 жылдығы өтетінін атап өту керек.

Еске салсақ, күн электр стансасының «Nurǵısa 100 МВт Solar Park Qapshaǵaı» деген атауы белгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің құрметіне қойылған. Жоба жыл сайын 160 млн. кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. КЭС атмосфераға СО2 шығарындыларын жылына 150 мың тоннаға азайтады. КЭС-тің аумағы 400 гектарды алып жатса, жобаның 1-ші кезеңі 274 гектарда орналасқан. Стансада жалпы саны 303 мың панель орнатылады.

Нысанның 1-ші кезегінің қуаты 100 МВт болса, толық қуатына шыққанда 150 МВт электр қуатын өндіретін болады. КЭС-ті салуға 11 отандық мердігер компания қатысқан. Олардың арасында «Аманат», «АСПМК-519», «Назар Энерджи», «Тенгизстрой» және басқа да компаниялар бар. Станция құрылысын жүргізуде жергілікті тұрғындардан 500-ден астам адам жұмыс істеді. Нысан іске қосылғанда 35 адамды жұмыспен қамтиды.
Өзгелердің жаңалығы