Алматы облысында «Көшбасшы-2020» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті

30 Қараша 2020, 12:30
2282
Бөлісу:
Алматы облысында «Көшбасшы-2020» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Талдықорғанда облыс әкімінің «Көшбасшы-2020» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Биылғы жылы бұл сыйлық белсенді жастарға 15-ші рет беріліп отыр, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Амандық Баталов алдымен жиналғандарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, қоғам дамуындағы жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті.

Жастар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Біз 15 жылдан бері өңірімізде қоғамның әр түрлі салаларында белсенді еңбек етіп, табысқа жеткен жас қыздар мен жігіттерімізге осы сыйлықты табыстап келеміз. Жастар сыйлығына ие болу – бұл үлкен жетістік. Облысымызда өздеріңіздей жан-жақты дамыған, мақсаты айқын жастардың болғаны біз үшін қуаныш. Біз өз тарапымыздан мемлекет қолдауымен жастарға барлық қажетті жағдайларды жасап келеміз. Мәселен, аудандарда 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін аштық, тағы 7-еуін салып жатырмыз. Одан бөлек бұқаралық спортты дамытуға жарты миллиард теңгедей қаржы бөлдік. Әрбір адамның спортпен кәсіби түрде де, денсаулығы үшін де айналысуына барлық жағдай бар. Жеңімпаздарды жеңісті жолымен тағы бір мәрте құттықтай отырып, табыстан табысқа жете берулеріңе тілектеспін. Отанымыз Қазақстан жастарымен мақтанатындай әрқашан адал, әділ, еңбекқор болыңдар. Сендер – біздің болашағымызсыңдар, - деді Амандық Баталов.

Бұл күні Ескелді аудандық ауруханасына «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен келіп, жұмыс істеп жатқан Әсел Өмірбекова «Үздік жас дәрігер» атанса, Дамир Нұркежанов «Үздік жас кәсіпкер» аталымына ие болды, ол - «Future-IT» робототехника мектебінің негізін салушы және жетекшісі, Тұңғыш Президенттің «Ел үміті» сыйлығының лауреаты, жас көшбасшылардың «CAYLA» Орта Азия академиясының студенті. Айгүл Амангелдиева «Үздік ауыл шаруашылығы маманы» атағына қол жеткізді, ол шетелдік журналда жарияланған АӨК саласындағы 7 ғылыми мақаланың авторы. «Үздік студент» аталымында Мадина Тұрдаш жеңімпаз болды, ол І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенті, «Парасаттылық елшісі» жастар қозғалысының және Жастар орталығының үйлестірушісі, «Қоғамдық жұмыстағы белсенділігі үшін» төсбелгісімен наградталған. Жалпы саны 20 жас түрлі номинациялар бойынша марапатталып, олардың әрқайсысына арнайы статуэткалар мен ақшалай сыйлық сертификаттары берілді.

Жеңімпаздардың атынан «Үздік әдебиетші» аталымының жеңімпазы, жазушы, әдеби сыншы, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, көптеген халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпазы, 4 прозалық кітаптың және 10 әдеби-тарихи зерттеу кітабының авторы Елдос Тоқтарбай сөз алды.

Тұңғыш Президентіміз – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген және салиқалы саясатының арқасында жастардың өзін-өзі жан-жақты дамытуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Бүгінгі күні Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жастарға қолдау көрсетіп келеді. Біз өзімізге артылған сенімді ақтап, елдің лайықты азаматы болуға бар күш-жігерімізді арнаймыз деп сендіремін, - деді Елдос Тоқтарбай.

Шара соңында облыс өнерпаздарының шағын концерті ұсынылды.

 


Өзгелердің жаңалығы