Алматы облысында фильм түсірілімі үшін тұтас бір ауыл салынды

31 Қазан 2022, 19:12
7171
Бөлісу:
Алматы облысында фильм түсірілімі үшін тұтас бір ауыл салынды

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Ақши ауылына жақын маңда режиссер Талғат Теменовтің «Қара қыз» әскери драмасының түсірілімі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Соғыс кезеңінің атмосферасын толығымен жеткізу үшін кескіндемеші суретшілер жазық далада теміржол вокзалы, клуб, мектеп, пошта, диірмен, тұрғын үйлер бар тұтас бір ауылды салған. 

Мұның бәрін салу үшін бір жарым айдай уақыт кетті. Он адам қиын жағдайда салдық. Айналада ештеңе жоқ. Барлығы өткен ғасырдың 30-40 жылдарындағы архив құжаттар негізінде жасалды.  Жалпы он бес ғимаратты салдық, - дейді картинаның қоюшы-суретшісі Еркен Сүлейменов. 

Еркен осы фильмнің Солтүстік Қазақстан облысында өткен түсірілім жұмыстарына да қатысқан. Ол жерде оның командасы жертасалар, жаттығу орталығы, жау комендатурасы және аурухананы салған. Он жылдық тәжірибесі бар қоюшы-суретші атап өткендей, ол өзінің соңғы жұмысын болашақ фильмдерге арналған декорация ретінде қалдырғысы келеді.  

Мен бұл салада ұзақ уақыт жұмыс істедім. Түсірілімнен кейін біз әдетте декорацияны бұзамыз. Ондай кезде ішің күйеді. Бұл менің әкемнің жері, келешекте кинорежиссерлерге көмектесу үшін бұл ауылды сақтап қалғым келеді. Әсіресе жас студенттерге, олардың дипломдық жұмыстары үшін керемет болар еді, - деп атап өтті Еркен Сүлейменов. 

«Қара қыз» – Ұлы Отан соғысы кезіндегі адамдардың өмірін баяндайтын әскери драма. Фильмде соғыстың қасіретіне қарамастан бірін-бірі табатын кейіпкерлердің оқиғалары баяндалады.  Басты рөлдерді жас актерлер Нұрай Сақтапова мен Ерлан Құлмұрзин сомдайды. Нұрай үшін бұл кинодағы дебюттік рөл, ал Ерлан телехикаяларда көптен бері ойнап келеді. 

Менің кейіпкерімнің аты – Асқарбек, қарапайым ауыл жігіті, соғыс жылдарында оны майданға шақырады, онда ол батылдықпен күреседі. Фильмде ауыр сахналар көп, көрермендердің қызығушылығын сақтап қалу үшін барлық құпияларды ашпай-ақ қояйын, — дейді Ерлан Құлмұрзин. 

Сондай-ақ, фильмде танымал актерлер Дулыға Ақмолда, Медғат Өмірәлиев және т.б. жұмыс істейді. Картинаның негізгі түсірілімі ағымдағы жылдың 23 қыркүйегі мен 14 қазаны аралығында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында, Қызылжар қаласының маңында өтті. Ақши ауылындағы түсірілім 2 қарашада аяқталға тиіс.  
Картинаның тұсаукесері келесі жылдың көктеміне жоспарланған. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсіріліп жатыр.
 

Өзгелердің жаңалығы