Алматы облысында есірткі жеткізу арнасына тосқауыл қойылды

2 Ақпан 2022, 15:23
1436
Бөлісу:
Алматы облысында есірткі жеткізу арнасына тосқауыл қойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Ресейдің ІІМ есірткіні бақылау жөніндегі қызметтерінің өзара іс-қимыл жасасуы нәтижесінде Алматы облысында жаңа буындағы психобелсенді зат – мефедронды өткізу арнасының жолы кесілді, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің қызметкерлері мен Алматы облысының ЕҚҚІБ қызметкерлері Қарасай ауданының Жетісу ауылында 20 жастағы жас жігітті ұстап, одан 2,5 кг синтетика тәркіледі. Есірткі аузы жабық 5 полиэтилен пакетке буып-түйіліп, сұр түсті құрылыста қолданылатын қапқа салынған. 

Аталған партияны ол кейіннен Нұр-Сұлтан қаласына тасымалдап, есірткіні саудалауды жоспарлағаны, ол үшін есірткіні барынша ыңғайлы жерге қайта жасыруы қажет болғандығы анықталды. Қылмыстық Кодекстің 297-бабы “Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сақтау” бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Енді ұсталған адам мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін түрмеге тоғытылуы мүмкін. 

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев түсіндіргендей, қазіргі уақытта іске қатысы бар тұлғалар, сондай-ақ, есірткі жеткізу арналары анықталуда. Сонымен қатар, елімізде тәркіленетін синтетиканың көлемі жыл сайын артып келе жатқанын, бұған барынша қысқа мерзімде есірткінің жаңа түрлеріне қылмыстық жауапкершілік белгілеуге мүмкіндік беретін заңнамаға енгізілген түзетулердің ықпал еткенін атап өтті. 

Ағымдағы жылдың қаңтар айында ішкі істер органдары есірткінің заңсыз айналымына байланысты 79 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтады, 5 келіге жуық синтетика алынды. Бір зертхана жойылды. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы ішкі істер органдары синтетикалық есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 1400-ден аса есірткі қылмысын тіркеді. 142 келіден астам синтетикалық есірткі алынды. 17 есірткі лабораториясы жойылды.

 

Өзгелердің жаңалығы