Алматы облысында 7 адам мінген көлік қар көшкінінің астында қалды

13 Ақпан 2021, 16:24
1706
Бөлісу:
Алматы облысында 7 адам мінген көлік қар көшкінінің астында қалды
VIDEO

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысының Басқұншы ауылында жеті адам мінген Газель көлігін қар басып қалды.

Қар көшкіні басып қалған көліктен адамдарды құтқару сәті Instagram-дағы zharkent_online парақшасында жарияланды. 


Видеодан сары жилет киген екі адамның қар басып қалған микроавтобустағы адамдардың шығуына көмектесіп жатқанын көруге болады.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі Газельді қар көшкіні басып қалғанын мәлімдеді. 

Қар көшкіні 9 ақпанда сағат 05:00 шамасында жаңадан салынып жатқан Шұқырбұлақ-Қазанкөл жолының 23-шақырымында болған. Қар астында қалған адамдардың барлығы жол салып жатқан мекеменің жұмысшылары. Олар жұмыстан шығып, уақытша базаларына қайтып бара жатқан. 

Қар астында қалған жеті адамды аталған мекеменің жұмысшылары шығарып алған. Қар көшкінінен зардап шегіп, құрбан болғандар жоқ. Аталған жерге ТЖД-нің қызметкерлеріне шақырту келмеді. Болған жағдайды анықтау үшін ТЖД, Қазселденқорғау мекемелерінің қызметкерлері жіберілді, - делінген Алматы облысы ТЖД таратқан мәліметте.
Өзгелердің жаңалығы