Балалар омбудсмені 4 жасар қыз баланы теуіп құлатқан азаматқа қатысты іс неге «бұзақылық» бабы бойынша қаралғанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Informburo.kz мәлім еткендей, Балалар омбудсмені Динара Зәкиева елде балаларға қатысты мұндай қылмысты қарастыратын заң жоқ екенін айтқан.
Қазақстан заңнамасында мұндай әрекетке қатысты бап жоқ. Сондықтан азамат бұзақылық бабы бойынша айыпты деп танылды. Оның өзінде 25 жастағы ер адамның «кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған іс-әрекетін» ауырлататын негіз қарастырылмаған. Қазір балаларға жасалатын зорлық-зомбылықты болдырмау үшін ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді Динара Зәкиева.
Маманның сөзінше, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаны биыл күзде Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Динара Зәкиева бұзақылық дерегі бойынша іс қозғалған түрік азаматына қатысты сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны ҚР аумағынан шығару туралы сот ісі қозғалатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, Алматы облысындағы сауда орталықтарының бірінде 25 жастағы түрік азаматы төрт жасар қызды тепкілеген болатын. Аталған дерек аудандық полицияда Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тіркелді. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторында.
Аударған: Назерке Өтеген