Алматы облысында өндірілген өнімдер бүгінде әлемнің 61 еліне экспортталып жатыр. Өңірдегі 49 кәсіпорын сыртқы нарыққа өнім шығарып, соңғы үш жылда экспорт көлемін 1,1 млрд АҚШ долларына (шамамен 515 млрд теңге) жеткізді.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Экспорт географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Қазір облыс кәсіпорындары өнімдерін көршілес мемлекеттермен қатар Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак, Пәкістан, Германия, Польша, Румыния және Болгарияға жөнелтеді. Соңғы үш жылда алыс шетелдерге экспорт көлемі 2,1 есеге артып, 291,7 млн АҚШ долларын құрады.
Алматы облысының негізгі сауда серіктестерінің бірі – Өзбекстан. Соңғы үш жылда бұл елге экспорт көлемі 110 млн АҚШ долларынан 203 млн АҚШ долларына дейін өсті. Өзбекстанға негізінен ұн, сүт өнімдері және фармацевтикалық тауарлар экспортталады.
Өңір экспортының 60 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы өнімдері мен оларды қайта өңдеу арқылы өндірілген тауарлар құрайды. Сонымен қатар құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі өнімдері, дәрі-дәрмек және темекі өнімдері де шетел нарығына шығарылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдері ішінде ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері мен сусындарға сұраныс жоғары. Ал көкөніс шырындарын экспорттау бойынша Алматы облысы республикада көш бастап тұр.
Алматы облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбол Рақымбаевтың айтуынша, өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау шаралары өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға және жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беріп отыр.
Алматы облысы Қазақстанның ірі экспорттық әрі логистикалық орталықтарының біріне айналып келеді. Бұған азық-түлік өнеркәсібі, фармацевтика және агроөнімдерді қайта өңдеу салаларындағы өндірістік қуаттардың артуы ықпал етті. Сонымен қатар Қытай – Еуропа халықаралық көлік дәлізі, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, заманауи логистикалық хабтар мен қоймалар кәсіпорындарға өнімді сыртқы нарықтарға жедел жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде өңір кәсіпорындары жаңа экспорттық бағыттарды игеріп, жеткізу көлемін тұрақты түрде арттыруда, – деді Айбол Рақымбаев.
Мамандардың пікірінше, өндірістік әлеуеттің артуы, қолайлы географиялық орналасу және көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуы Алматы облысының Қазақстандағы жетекші экспорттық өңірлердің бірі ретіндегі позициясын одан әрі нығайтып келеді.
Данный текст скопирован с сайта Informburo.kz
https://informburo.kz/kaz/newskaz/almaty-oblysy-kokonis-syrynynyn-eksporty-boiynsa-respublikada-kos-bastady