Алматы циркі маңындағы фонтанда адамдарды тоқ ұрып, өліп кете жаздады

20 Маусым 2021, 09:34
4359
Бөлісу:
Алматы циркі маңындағы фонтанда адамдарды тоқ ұрып, өліп кете жаздады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеше Алматыдағы орталық цирк алдындағы фонтанда адамдарды тоқ ұрған. Бұл туралы қала тұрғыны Үкілай Бестай Facebook-тегі парақшасында хабарлады. 

Айтуынша, қарапайым фонтанның ішіне кірген адамдарды тоқ соғып, жақын маңдағы адамдар оларды аман алып қалған. 

Бүгін орталық цирк алдындағы фонтан жанында балмұздақ жеп, балалармен демалып отырғанбыз. Бір уақытта сол маңдағы кішкентай 2 қыз аяқ киімдерін шешіп, аяқтарын суға салмақшы болып отырғанын көрдім. Әп-сәтте байқамай қалдым, екі қыз ортадағы темірге қадалып қалды. Оларды шығарам деп анасы да сол темірге жабысып жатты. Дыбыстары да шықпай, серейіп қалғандарынан тоқ ұрғанын ұқтым, - дейді ол.


Ол жанындағы адамдардан көмектесуді сұраған. Бірақ көбі жүрексініп, суға жақындамаған. Дегенмен Абылай есімді жас жігіт көмекке келіп, оны да тоқ соғып жатса да, мойымай адамдарды соңына дейін құтқарған екен.

Тезірек жанымдағы адамдарды шақырып, көмектесіңдер деп айқайладым. Мен сияқты суға түсуге көп адамның жүрегі дауаламады. Сол кезде осы Абылай деген жігіт өзін тоқ соғып жатса да, кезек-кезек оларды судан шығарды. Үшінші қызды басқа бір ересек азамат шығарып алды. Себебі тоқ ұра бергеннен кейін Абылай да әлсіреп қалды. Бірінші қыз тез есін жиды. Екінші қызды бірден шөптің үстіне жатқызып, кеудесінен басып-басып есін жиғыздық. Олардың анасын асфальттің үстінде кеудесін басып, суын шығарып есін жиғызған еді, кейін қайтадан көгеріп кетті. Сонда да осы Абылай және видеодағы азамат соңына дейін анасы мен қызының өмірі үшін күресін тоқтатпады, - деп атап өтті Үкілай Бестай.

Белгілі болғандай, бірінші аман қалған қыз Талдықорғаннан келіпті, анасының құрбысы лагерден алып 4 баланы қыдыртып жүрген екен.

Жазым деген аяқ астынан деген осы. Қатты шок алдық. Анасы аман қалса екен деп тілеп отырмын. Өзімнің жанымда кішкентай 5 бала бар еді. Қарбаласта Абылайдың толық аты-жөнін сұрамаппын. Мемлекет осылай өз өмірін қауіпке тіккен бұл жігітті батырлығы үшін марапаттауы керек-ау. Бөлісіп, Абылайды тауып алайықшы, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы