Президенттің тапсырмасымен «Алматы – Бішкек» жолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

Жоба аясында «Таға» үлгісіндегі екі көлік айрығын, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін, тротуарларды, жарықтандыру жүйесін және жаңа жол жабынын салу жоспарланған.

20 Шілде 2026, 12:49
АВТОР
 Қазавтожол 20 Шілде 2026, 12:49
20 Шілде 2026, 12:49
568
Фото: Қазавтожол

Өткен аптада Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кеңесте Олжас Бектенов Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма бергенін атап өткен еді. 

Тапсырмадан соң Алматыға кіретін ең жүктемесі жоғары жолдардың бірінде халықаралық маңызы бар «Алматы – Бішкек» автомобиль жолының учаскесін күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстары басталды. Жұмыстар Алматы облысы Қарасай ауданындағы 19-дан 27-шақырымға дейінгі аралықты қамтиды.

Жобаны елдің заманауи көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмалар шеңберінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүзеге асыруда.

Бұл учаске Қазақстандағы ең жүктемесі көп көлік бағыттарының бірі болып саналады. Мұнда күн сайын 70 мыңнан астам автомобиль өтеді, бұл жүйелі кептелістерге және жол инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артуына әкеледі.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін жол төрттен сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Бұл өту мүмкіндігін арттыруға, жолға кететін уақытты қысқартуға, қозғалыс қауіпсіздігін жоғарылатуға және Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында «Таға» үлгісіндегі екі көлік айрығын, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін, тротуарларды, жарықтандыру жүйесін және жаңа жол жабынын салу жоспарланған.

Сонымен қатар инженерлік желілерді - газ құбырларын, су құбыры коммуникацияларын, электрмен жабдықтау желілерін және талшықты-оптикалық байланыс желілерін көшіру де қарастырылған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев осы учаскені жаңғыртудың Алматы агломерациясын дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Бұл күн сайын жоғары қозғалыс қарқындылығы тіркелетін Алматының басты көлік бағыттарының бірі. Жобаны жүзеге асыру жолдың өту мүмкіндігін арттыруға, қауіпсіздікті жоғарылатуға және автокөлік жүргізушілері үшін жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ол.

Реконструкция аяқталғаннан кейін учаске үздіксіз қозғалысы бар заманауи магистраль параметрлеріне сәйкес келеді және Алматыға кіретін негізгі жолдардың біріне түсетін көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Жоба Қазақстанның жол желісін кешенді жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады және елдегі ең ірі қалалық агломерацияның көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін «Алматы – Қаскелең» бағытындағы жол сегіз жолақты болатыны хабарланды

Наверх