- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Алматыдан Медеуге 10 минутта: Қазақстанда алғашқы аэротакси ұшты
Алматыдан Медеуге 10 минутта: Қазақстанда алғашқы аэротакси ұшты
Құрылғы атмосфераға көмірқышқыл газын бөлмейді және қарапайым көліктерге қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді.
Кеше 2026, 17:41
Alatau City-де Орталық Азия тарихындағы алғашқы eVTOL аэротакси көрсетіліп, аспанға ұшырылды. Осылайша Қазақстан аймақта алғаш болып қалалық әуе мобильділігінің толыққанды экожүйесін таныстырды. Жоба аясында аэротакси, жүк тасымалдайтын дрондар және цифрлық навигация жүйелері көрсетілді.
Қазақстанда алғаш рет eVTOL аппараты әуеге көтерілді
2026 жылдың 19 мамырында өткен сынақ ұшуында жолаушыларға арналған AutoFlight Prosperity аппараты пайдаланылды.
eVTOL – электр қуатымен тік ұшып-қона алатын аппарат. Көпшілік арасында ол аэротакси ретінде танымал.
Іс-шараны қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы Қытай, Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ-тағы халықаралық серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырған.

Жобаға 300 млн доллар инвестиция салынған
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Alatau City-де қалалық әуе мобильділігін дамытуға шамамен 300 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы құйылған.
Аэротакси 200 шақырымға дейін ұша алады
Сынақ кезінде әуеге көтерілген AutoFlight Prosperity аппаратына бір ұшқыш пен төрт жолаушы сияды.
Аппарат сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдықпен ұша алады және бір қуаттаумен 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсереді.
Prosperity Lift-and-Cruise жүйесі бойынша жұмыс істейтін 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған.
Жоба авторларының айтуынша, аппарат атмосфераға көмірқышқыл газын бөлмейді және дәстүрлі көліктерге қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді.
Мысалы, жүк көлігі орта есеппен 80 децибел, жеңіл автокөлік 70 децибел шу шығарса, eVTOL аппаратының дыбыс деңгейі шамамен 65 децибел ғана. Бұл сауда орталығындағы қалыпты шу деңгейімен шамалас.
Сонымен қатар жүйенің барлық негізгі компоненті бірнеше деңгейлі қорғаныспен жабдықталған.

Ұшу жолаушыларсыз өтті
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, демонстрациялық ұшу жолаушыларсыз өткізілді.
Іс-шара қонақтары аэротаксиды арнайы бақылау алаңынан тамашалаған.
Сол күні AAAG компаниясы AutoFlight-пен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Құжат аясында V2000/V5000 сериясындағы 50 eVTOL аппаратын сатып алу жоспарланып отыр.
Қазақстанда аэротакси экожүйесі құрылмақ
AutoFlight пен AAAG Қазақстанда маркетинг, сату, инфрақұрылым, жерүсті операциялары, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бағыттарын қамтитын толыққанды өңірлік экожүйе қалыптастыруды жоспарлап отыр.
Серіктестік аясында технологиялық тәжірибе мен ноу-хау алмасу да қарастырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек бір реттік шоу емес, болашақ қалалық авиация индустриясының бастамасы.
Қонақтарға жүк тасымалдайтын дрондар да көрсетілді
Іс-шара барысында тек жолаушыларға арналған аэротакси ғана емес, жүк жеткізуге арналған ұшқышсыз аппараттар да таныстырылды.
Қонақтарға Қытайдың Keeta Drone және АҚШ-тың A2Z компаниялары әзірлеген жүйелер көрсетілген.
Сонымен қатар Korea Airports Corporation мен Shenzhen Urban Transportation Planning Center дайындаған UATM цифрлық навигациялық платформасы ұсынылды.
Ұйымдастырушылар бұл үш бағыт бірігіп әлемде Low Altitude Economy — "төмен биіктіктегі экономика" деп аталатын жаңа саланы қалыптастырып жатқанын айтты.
Бұл жүйеге:
— жолаушылар тасымалы;
— жүк логистикасы;
— әуе кеңістігін цифрлық басқару кіреді.
Сарапшылар бұл нарықты триллион долларлық сала деп бағалайды
Morgan Stanley сарапшыларының болжамынша, 2040 жылға қарай Urban Air Mobility нарығының көлемі 1–1,5 трлн АҚШ долларына жетуі мүмкін.
Ал McKinsey компаниясы Advanced Air Mobility бағытын жаңа қалалық экономиканың негізгі салаларының бірі деп есептейді.
Мәліметке сәйкес, 2016 жылы салаға құйылған жеке инвестициялар көлемі 40 млн доллар болған. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,5 млрд доллардан асқан.
"Біз толық индустрия құрғымыз келеді"
Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясы жобаның мақсаты тек технология әкелу емес екенін мәлімдеді.
Біздің міндетіміз – технологияны жеткізумен шектеліп қана қоймай, толыққанды индустрия қалыптастыру: инфрақұрылым, инженерлік құзыреттер және қазақстандық мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын құру, – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Компания Alatau City жаңадан салынып жатқандықтан, әуе мобильділігін қаланың мастер-жоспарына бастапқы кезеңнен енгізуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.
"Қазақстан өзгерістерге ерте қосылып отыр"
AutoFlight өкілдерінің айтуынша, қазіргі eVTOL технологиялары электромобильдердің 10–15 жыл бұрынғы даму кезеңіне ұқсайды.
Қазақстан бұл өзгерістерге алғашқы кезеңде қосылып отыр, сондықтан біз Alatau City-ді болашақтағы аэротакси жүйелерін тестілеуге арналған маңызды орталықтардың бірі деп санаймыз, – деді компания өкілдері.
Алматыдан Медеуге 10 минутта жетуге болады
eVTOL аппараттары вертипорттар арқылы ұшып-қонады.
Вертипорт — зарядтау инфрақұрылымы мен навигациялық жүйелері бар шағын алаң. Оларды ғимарат шатырларына, көлік тораптарына және бизнес орталықтарға орналастыруға болады.
Unmanned Airspace платформасының болжамынша, 2029 жылға қарай әлемде 1500-ден астам вертипорт салынады.
Қазір Alatau City-де алғашқы вертипорттың құрылысы басталып кеткен.
19 мамырдағы ұшу өткен алаң болашақта Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильділігі орталығы — UAM Center Eurasia-ға айналады.
Алдағы уақытта Alatau City, Алматы және Алматы облысының туристік аймақтарында вертипорттар желісін салу жоспарланып отыр.
Болашақта аэротакси Алматы әуежайынан Медеуге дейінгі жолды небәрі 10–12 минутта жүріп өте алады.
Қазақстан "әуе кодексін" әзірлеп жатыр
Технологиялық жобамен қатар заңнамалық база да қалыптасып жатыр.
2026 жылғы 8 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заңға қол қойған.
Құжаттың 57-бабында қалалық әуе мобильділігі технологияларын енгізу, арнайы әуе аймақтары мен дәліздерін құру мәселелері қарастырылған.
Бұл жүйелер арнайы эксперименттік құқықтық режим аясында сынақтан өтеді.
AAAG компаниясы осы жоба үшін шамамен 40 нормативтік-құқықтық актіні әзірлеуге қатысып жатыр.
Ұйымдастырушылар мұны Alatau City-дің өзіндік "Әуе кодексін" қалыптастыру жұмысы деп сипаттады.
Қазір ұлттық авиациялық заңнамаға енгізілетін түзетулер Мәжіліс қарауында жатыр.
Ең оқылған:
- 100 жолаушының 40-ы "қоян": Автобусқа мінген бойда төлем жасамағандар жазаланады
- Талдықорғанда 17 жастағы жасөспірім студентті пышақтап өлтірді
- Қырғызстанда Олжас Сүлейменовке Нобель сыйлығын беру ұсынылды
- Индонезиядағы тайпалар қақтығысында 13 адам қаза тапты
- Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы қалай қорғалады?
Сымбат Сатыбалдина