Алматы әкімі таулы аймақтарға тікұшақпен шолу жасады

21 Маусым 2025, 22:54
423
Бөлісу:
 Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды тікұшақпен таулы аймақтарға шолу жасап, мұздақ көлдер мен селден қорғау инфрақұрылымының қазіргі жай-күйін тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ Аоматы әкімдігіне сілтеме жасап.

Шолу барысында «Медеу», «Үлкен Алматы», «Қарғалы» су бөгеттері мен Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндеріндегі бес мұздақ көл қаралды.

Қазіргі таңда Алматы маңындағы таулы өңірлерде 51 мұздақ көл орналасқан. Соның ішінде 14 көл жарылу қаупі жоғары, ал 6-ауы қала үшін аса қауіпті деп танылған.

Сел қаупінің алдын алу үшін қалада мынадай шаралар қолға алынды:

  • мұздақ көлдердегі су деңгейін төмендету және арналарды тазалау;
  • күшейтілген бақылау режимі енгізілді – тәулік бойы жұмыс істейтін 31 автоматтандырылған станция, 23 бақылау бекеті және 8 маусымдық нүкте іске қосылған;
  • арнайы техникамен жабдықталған кезекші топтар кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын.

Бұдан бөлек, гидротехникалық құрылыстардың (бөгеттер мен сел тосқауылдары) техникалық жай-күйіне ерекше назар аударылып, оларды жөндеу немесе қайта құру бойынша кешенді тексеріс жоспарланып отыр.

Жергілікті билік таулы өзендердегі көшкін, тасқын және сел қаупін тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы