АҚШ ғалымдары үлкен дозада алкоголь берілген егеуқұйрықтардың мінез-құлқын зерттей келе, ішімдіктен бас тартқаннан кейін де ми қызметі нашар болуы мүмкін деген қорытындыға келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Science Advances басылымына сілтеме жасап.
Бір ай бойы егеуқұйрықтарға үнемі көп мөлшерде алкоголь беріліп отырды. Кейін оларға үш ай ішімдік ішкізбеді. Осыдан кейін ғалымдар жануарлардың шешім қабылдау және өзгерістерге бейімделу қабілетін тексерді.
Сынақ барысында егеуқұйрықтар дәмді тағам алу үшін екі батырманың бірін басуы керек болды. Алайда "дұрыс" батырма үнемі ауысып отырды. Тапсырманы сәтті орындау үшін жануарлар бұрынғы тәжірибені ескеріп, тез бейімделе білуі керек еді.
Нәтижесінде бұрын алкоголь ішкен егеуқұйрықтар көбірек қателесіп, өзгерістерге баяу бейімделгені анықталды. Олардың миын талдау кезінде оқу мен икемді ойлау қабілетіне жауап беретін бөліктің жұмысы әлсірегені байқалды. Бұл әсер ішімдіктен бас тартқаннан кейін бірнеше ай өтсе де сақталған.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл алкогольге тәуелді адамдардың ішімдіктен бас тартуда неге қиналатынын түсіндіруі мүмкін: әлсіреген когнитивтік қабілеттер дұрыс шешім қабылдауға және ішімдіктен аулақ болуға кедергі келтіреді.
Мамандар бұл әсер тек еркек егеуқұйрықтарда байқалғанын атап өтті – ұрғашылары тапсырмаларды жақсы орындаған. Енді ғалымдар ұзақ уақыт алкоголь тұтынғанда ерлер мен әйелдердің ми реакциясы қалай ерекшеленетінін зерттемек.