Алкоголь сатуға 40 мыңға жуық лицензия берілді

7 Наурыз 2023, 17:16
727
Бөлісу:
Алкоголь сатуға 40 мыңға жуық лицензия берілді
Фото: turkystan.kz

Елімізде алкоголь сатуға 40 мыңға жуық лицензия берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті әкімшілендіру департаменті акциздерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерлан Далбин мәлім етті.

Алкоголь өнімдерін сатуға еліміз бойынша шамамен 40 мыңға жуық лицензия иесі бар. Оның ішіне бөлшек және көтерме саудагерлер де кіреді. Лицензия алуға халық көп аймақтарда сәйкесінше сұраныс та жоғары. Дәл қазір нақты санды айта алмаймын. Өңірлер бойынша көбіне Алматы қаласы мен Алматы облысы және Түркістан облысын айтуға болады, - деді Ерлан Далбин.

Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнесті тексеруге тыйым салған мораторийге өзгерістер енгізілді.

Осы орайда, Салық және кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, біз тексеруге шыға аламыз. Әсіресе, тексеріс лицензиясыз алкоголь өнімдерін сататындарға қатысты. Оның ішінде мәселе бөлшек саудамен айналысатындарға тіреліп отыр. Ішімдіктерді заң аясында сату саласына талдау жасамақпыз. Сондықтан саудагерлерді лицензия алып, рұқсатпен сатуға шақырамыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы