Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабартимен кездесу өткізді, онда Қазақстанның макроэкономикалық дамуы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі, сондай-ақ инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.
Кеңесте қазіргі уақытта жаһандық және өңірлік логистикалық тізбектердің бұзылуы, әлемдік қаржы және шикізат нарықтарының құбылуы, инфляциялық қысымның күшейіп бара жатқаны атап өтілді.
Ықтимал сын-тегеуріндерді жеңілдету үшін ҚР Үкіметі қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, инфляцияны бақылау мен төмендетуге, сыртқы сауда қызметін ынталандыруға, экономика салаларын қолдауға және инвестиция тартуға бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды қабылдап жатыр.
Күрделі сыртқы экономикалық жағдайдың салдарын жеңілдету мақсатында экономиканың нақты секторы үшін 2022 жылға 1,2 трлн теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат өңдеу өнеркәсібін қолдауға, АӨК-ті, күре жолдарды дамытуға, кәсіпкерлердің несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға, кепілдендіруге және т. б. бағытталатын болады.
Сэр Сума Чакрабарти бұлардың бәрі тиімді әрі уақытылы шаралар екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі трендтерді ғана емес, олардың ұзаққа созылатын салдарын да ескеру маңызды.
Сонымен қатар кеңес барысында АХҚО-ның 27-29 маусым аралығында аймақтағы ең ірі қаржы конференциялардың бірі – Astana Finance Days-ді өткізу жоспарлары талқыланды. Оның аясында көрнекті халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстанның жаңа экономикалық реформаларын, инвестициялық мүмкіндіктері мен әлеуетті өсу нүктелерін талқылау жоспарланған.
Сондай-ақ кеңес барысында Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі талқыланды.
Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша республиканың инвестициялар тартудың «пандемияға дейінгі» деңгейіне оралғаны атап өтілді. Өткен жылы құны $3,6 млрд болатын 44 жаңа инвестициялық жоба пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта отандық және шетелдік инвесторлар үшін $54 млрд-қа іске асырылған және жоспарда бар 761 жобаның пулы әзірленіп, жарияланды.
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет Инвестициялық саясаттың 2026 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасын бекіту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жаһандық трендтерді ескере отырып, терең өңдеу өнеркәсібіне, агроөнеркәсіптік кешенге, фармацевтикаға және көлік-логистика инфрақұрылымына инвестициялар тарту жұмысы жалғасатын болады», — деді кездесуді қорытындылай келе ҚР Премьер-министрі.