Әлихан Смайылов индустрияландырудағы Қазақстан-Қытай жобаларының тізбесін кеңейтуді ұсынды

28 Қараша 2023, 08:50
334
Бөлісу:
Әлихан Смайылов индустрияландырудағы Қазақстан-Қытай жобаларының тізбесін кеңейтуді ұсынды
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Астанаға жұмыс сапарымен келген ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар сауда, инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, мәдениет және басқа да салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Әлихан Смайылов атап өткендей, қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытайдың екіжақты тауар айналымы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Мәселен, өткен жылы аталған көрсеткіш 35%-ға артып, $24,2 млрд-ты құрайтын үлкен нәтижеге жетті, биыл да қарқынды өсу жалғасуда.

10 ай ішінде өзара сауда-саттық тағы 24%-ға өсті. Осындай қарқынмен біз жақын арада екі елдің Мемлекет басшылары белгілеген тауар айналымын $40 млрд-қа дейін ұлғайту жөніндегі мақсатқа қол жеткізе аламыз деп санаймын, — деді Премьер-Министр.

Cондай-ақ Үкімет басшысы 10 қарашадан бастап күшіне енген визасыз режим Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарында жаңа тарау ашатынын атап өтті.

Бұл шара іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды арттыруға және туризмді дамытуға айтарлықтай әсер етеді. Бұл, әсіресе, алдағы «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» аясында өзекті, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы индустриализация және инвестиция бойынша бірлескен Қазақстан-Қытай жобаларының тізбесін кеңейтудің, 2026 жылға дейінгі Сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қоюдың, сондай-ақ импорттық-экспорттық тауарларды өзара куәландыру туралы келісімді жаңартудың маңыздылығын атап өтті.

Осы құжаттарда қарастырылатын практикалық шаралар жеткізілетін тауарлар номенклатурасын кеңейтіп, сауда серіктестігін сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенімдімін, — деді Премьер-Министр.

Бұдан бөлек, Әлихан Смайылов Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымын арттыруға, Қытайға экспортты арттыруға және АӨК саласында бірлескен қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Бүгінде Қытайдан Еуропаға тасымалданатын тауарлардың 85%-ға жуығы Қазақстан арқылы тасымалданады. Осыған байланысты республика өсіп келе жатқан сұранысты толық қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыру бойынша белсенді шаралар қабылдауда.

Премьер-Министр кедендік процестерді жеделдету мәселесіне ерекше назар аударды. Бүгінде екі елдің кеден қызметтері шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің өткізу қабілеті мен жұмыс уақытын ұлғайту туралы келісімге келді. Атап айтқанда, «Нұр Жолы – Қорғас» өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істей бастаса, қалған автокөлік бекеттері 12 сағаттық 7 күндік жұмыс кестесіне көшті.

Цифрландыру мен процестерді автоматтандырудың арқасында шекарадан өту уақыты қысқарды. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру маңызды, — деді ол.

Сондай-ақ Әлихан Смайылов елдер арасындағы әуе рейстерінің санын одан әрі арттырудың және энергетика саласындағы ірі жобаларды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті. Олардың қатарында «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының өткізу қабілетін кеңейту, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және т.б. бар.

Қазақстан Үкіметі Қытаймен барлық салада толық ауқымды және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын, — деді Премьер-Министр.

Өз кезегінде ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсян биылғы жыл Қазақстан мен Қытай үшін өте жемісті болғанын атап өтіп, ҚХР барлық өзара тиімді салалардағы ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін атап өтті.

Қытай мен Қазақстан жақын көрші, жақсы дос және серіктестер. Бүгінде екі ел де өз дамуы мен жандануының маңызды кезеңінде тұр. Қилы өзгерістер жағдайында Қытай мен Қазақстан үлкен сынақтарға бетпе бет келді. Сондықтан біз ынтымақтастық рухында барлық негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейтуіміз керек. Қытай тарапы бұрынғыдай Қазақстанды және даму мен өркендеуге бағытталған барлық күш-жігерді табанды түрде қолдайтын болады, — деді Дин Сюэсян.

Өзгелердің жаңалығы