Әлихан Смайылов Астанада ЕАДБ кеңесінің отырысын өткізді

1 Шілде 2023, 09:24
741
Бөлісу:
Әлихан Смайылов Астанада ЕАДБ кеңесінің отырысын өткізді
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) кеңесінің кезекті отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, ағымдағы өзекті мәселелер талқыланды.

ЕАДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов 2022 жылы Банк еуразиялық кеңістіктегі жетекші даму институты ретіндегі рөлін нығайтқанын, бұған оның жобаларына инвестиция көлемінің айтарлықтай өсуі дәлел болатынын атап өтті. Атап айтқанда, жинақталған инвестициялық портфель жалпы құны $2,5 млрд болатын жаңа жобаларға қол қою арқылы $13,4 млрд-қа жетіп, рекордтық көрсеткіш болған, сондай-ақ есепті кезеңдегі жоспарлардан айтарлықтай асып түскен. Осылайша, қатысушы елдер азаматтарының өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған Банк жобаларының жалпы саны 273-ке жетті.

Премьер-министр ЕАДБ өткен жылы ауқымды жұмыс атқарғанын баса айтты. Осы ретте даму жобаларын одан әрі жүзеге асыру барысында тәуекелдерді басқаруға және Банктің кредиттік рейтингін сақтауға ерекше назар аудару қажет.

Инвестиция көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда $1 млрд-қа жуық артты. Ағымдағы инвестициялық портфель өсуде. Біз Банктің тұрақты дамуы және сәйкесінше қатысушы елдердегі жобаларды қаржыландыру бойынша жұмысты жалғастыруымыз керек, — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Кеңесте 28 маусымда қатысушы мемлекеттер арасында жарғылық капиталды қайта бөлу туралы қабылданған шешімдер толығымен орындалғаны туралы хабардар етілді. Нәтижесінде төленген жарғылық капиталдағы Ресей акциялар пакетінің бір бөлігі басқа мүше мемлекеттер арасында біркелкі қайта бөлінді. Нәтижесінде Ресей үлесі 66%-дан 44,8%-ға төмендесе, Қазақстанның үлесі 33%-дан 37,3%-ға өсті.

Сонымен қатар Кеңестің қарауына Банкке кіру мәселесі бойынша Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер туралы есеп ұсынылды.

Қатысушылар тізімін кеңейту Банкке ықтимал тәуекелдерді азайтуға және жаңа интеграциялық бастамаларды іске қосу мүмкіндіктерін пысықтауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Анықтама: Еуразиялық даму банкі – еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын халықаралық қаржы ұйымы. 17 жылдан астам уақыт бойы ЕАДБ экономикалық байланыстарды нығайтуға және кеңейтуге және қатысушы елдердің: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның жан-жақты дамуына көмектесіп келеді. ЕАДБ-ның жарғылық капиталы – $7 млрд. ЕАДБ портфеліндегі негізгі үлес көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобаларға тиесілі. Банк өз жұмысында БҰҰ-ның Тұрақты даму саласындағы мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.

Өзгелердің жаңалығы