Әлібек Манабаев: Әскери қызметшілер ревакцинация кезінде QazVac-ты таңдады

30 Қаңтар 2022, 12:20
1529
Бөлісу:
Әлібек Манабаев: Әскери қызметшілер ревакцинация кезінде QazVac-ты таңдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде әскери қызметшілерді қайта вакциналау жалғасып жатыр. Олардың басым көпшілігі отандық «QazVac» вакцинасын таңдаған.  

Бұл туралы Қарулы Күштердің Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы, медицина қызметінің полковнигі Әлібек Манабаев мәлімдеді.

Әскери қызметші болсын, жеке құрамның қандай вакцина алуға таңдау жасауға құқығы бар. Қазіргі кезде негізінен қолданып жатқаны отандық «QazVac» вакцинасы. Дүниежүзінде төртінші болып өзіміздің «Қазвак» вакцинасын шығарған болатын. Ол үшін биологиялық қауіпсіздіктер ғылыми институтының ғалымдарына үлкен алғысымызды айту керек. Сол вакцинаның арқасында қазір жеке құрамның арасында аурудың таралу қаупі өте азайып тұр, - деді ол.

Медицина қызметі полковнигінің айтуынша, Қарулы Күштерде әскери қызметшілер мен қызметкерлерді есептегенде 50 пайызы екінші рет вакцина алған.

Қарулы Күштерде ревакцинация былтырғы жылдың желтоқсан айында басталған болатын. Бірақ елімізде болған жағдайға байланысты ревакцинация уақытша тоқтатылған болатын. Қазір әскерилер өздерінің тұрғылықты мекенжайына оралғаннан кейін ревакцинация темпі күшейіп, жоспарланғандай жүріп жатыр. Бүгінгі күнде жеке құрамның, оның ішінде әскери қызметшілерді де, қызметкерлерді де қоса есептегенде, 50 пайызы ревакцинация алды деп толық айтсам болады, - деді Манабаев.

Сондай-ақ ол әскери қызметшілер ревакцинациядан бас тарта алатынын жеткізді.

Әрине, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» кодексінде көрсетілгендей әскери қызметші де басқа азаматтар сияқты ревакцинациядан бас тартуға құқылы. Бірақ әскерилер өздері вакцинацияның қажеттілігін жақсы түсінеді. Өйткені, вакцина, ревакцинация алған адамдарда вирусқа қарсы тұру қабілеті өте жоғары. Олар ауырған жағдайда да жеңіл немесе симптомсыз түрі болады. Кейбір адамдар өзінің вирус жұққанын да білмеуі мүмкін. Кейбір іс-шараларға қатысу кезінде ПТР тест алған кезде ғана біліп жатады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы