Алғыс айту күні.Ақтөбеде қалай өтеді?

28 Ақпан 2023, 20:20
1152
Бөлісу:
Алғыс айту күні.Ақтөбеде  қалай өтеді?
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе облысында Алғыс айту күнінде «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткіш-стеласына гүл шоқтары қойылып, концерттік шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

«Қоғамдық келісім» мекемесі БАҚ және ҚХА жанындағы кеңестер қызметін іске асыру бөлімінің маманы Бекзат Мулдыкешеваның айтуынша, биыл 1 наурыз — Алғыс айту күніне арналған шара «Алғыс айту — адамзаттың парызы!» атауымен атап өтіледі. Бұл шараға Ақтөбе қаласы әкімі мен оның орынбасарлары, Ақтөбе облысындағы этномәдени орталықтардың өкілдері мен қала тұрғындары қатысады.

Алғыс айту күніне арналған шараларды біз өткен аптада бастап кеттік. Мереке қарсаңында облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, түрлі мерекелік челлендждер өткізді. Сондай-ақ «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Қарттар үйіне барып, қарияларға құрмет көрсетті. Одан бөлек бірлестік жастары бір топ қарияның ауласын қардан тазартып, қол көмектерін берді. Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында орталық жетекшілері мектеп оқушыларымен кездесіп, оларға бірлестіктердің музейлері мен жұмыс кабинеттерін көрсетті, — дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 15 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Алғыс айту күні.Ақтөбеде  қалай өтеді?

Олар өңірде ұлтаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде нәтижелі жұмыс атқаруда. 

 Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблея облыстық филиалы жанында аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі, медиация қызметі, жастар қозғалысы мен журналистер клубы жұмыс жасайды. Бұл құрылымдық бөлімдер жоспарға сәйкес жұмыс жүргізіп, түрлі бағыттағы жобалар аясында іс-шаралар өткізуде. Мәселен, былтыр өңірімізде отбасылық құндылықтарды сақтау, дамыту және нығайтуға  арналған «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасы жүзеге асырылып, 4 бағыт бойынша әртүрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстың аудандары мен елді мекендерінде салалық мекеме өкілдерінің қатысуымен кездесулер, ашық есік күндері өткізілді. Бұдан бөлек, облыста түрлі этнос жастары арасында достық қарым-қатынасты нығайту, медиа сауаттылықты арттыру, өз пікірлерін ашық айтуға мүмкіндік беру бағытында  «Жастар коллаборациясы» және волонтердің қоғамдағы рөлінің маңыздылығы, атқаратын қызметін түсіндіру мақсатында «ProAktiv»  жобалары жүзеге асырылды. Ақсақалдар мен қоғамдық пікір көшбасшылары этносаралық қатынастар саласындағы жұмыс тәжірибесімен бөлісу бағытында жастардың қатысуымен «Татулық – бірлікте» атты  эксперттік  ашық диалогтік алаңдары ұйымдастырылды, — дейді Бекзат Мулдыкешева.

Бүгінде Ақтөбе облысында 900 мыңнан астам тұрғын тұрса, оның 83,7 пайызы — қазақтар, ал 16,3 пайызы —  өзге ұлт өкілдері. Өңірде 15 этномәдени бірлестік тіркелсе, олардың мүшелерінің жалпы саны — 2230 адам.  

Айта кету керек, ертең жылдағы дәстүрге сәйкес Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков бастаған топ мерекеге орай бір топ қарияның үйіне барып, оларды мерекемен құттықтайды. Ал түстен кейін облыс орталығындағы шығармашылық ұжымдары тұрғындарға мерекелік концерттер ұсынады. 

Өзгелердің жаңалығы