Алғыс айту күні. Түркістанның үздік ғылыми қызметкерлері марапатталды

1 Наурыз 2024, 14:48
415
Бөлісу:
Алғыс айту күні. Түркістанның үздік ғылыми қызметкерлері марапатталды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Түркістанда жоғары оқу орындарының үздік ғылыми қызметкерлері мен оқытушылары марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгін, Алғыс айту күнінде, «Үздік ғылыми қызметкер – 2023» және «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы – 2023» байқауларының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен оқытушылар, білім беру мекемелерінің басшылары, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Айтулы жиынға 500-ден астам көрермен жиналды.

Құттықтау сөз тізгінін алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек барлық жеңімпаздарды марапаттай отырып, оқытушылар мен ғалымдардың білім және отандық ғылым саласын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.

Көктемнің алғашқы күні, әрі Алғыс айту мерекесінде Қазақстанның білім және ғылым саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айту мақсатында сіздерді қасиетті Түркістан қаласында жинадық. Біздің ғалымдар күн сайын отандық ғылымның игілігі үшін жұмыс істеп, жобалар әзірлейді және тамаша нәтижелерге қол жеткізуде. Бұл – қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш. Біздің мақсатымыз – халықтың ғылымға, ғалымдарға және жалпы жоғары білім жүйесіне деген сенімін қалпына келтіру. Осы жолда кішкентай болса да, бірақ сенімді қадамдармен жүріп келеміз. Мәселен, 1-2 айдың ішінде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы күшіне енеді. Сондай-ақ, сәуір айында Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы, үлкен ғылыми көрме өтеді. Біз сіздермен мақтанамыз, сондықтан еңбектеріңізді насихаттау жолындағы ортақ жұмысымыз қарқынды түрде жалғасады, - деді министр.

Қазір ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен педагогикалық кәсіптің беделін арттыру және оқытушыларды одан әрі кәсіби дамытуға ынталандыру, сондай-ақ жастарды ғылымға тарту үшін бірқатар шаралар жүзеге асуда. Мұны мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында да атап өтті. Сонымен, соңғы жылдары ғылым саласында біршама өзгеріс болды деп айтылды. Атап айтқанда, ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарып, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейіп келеді. Жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады.

Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсан айының соңында жылдағы дәстүр бойынша «Үздік ғылыми қызметкер» мен «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» байқауларының жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Республикалық конкурстық комиссия нақты критерийлер бойынша үздіктерді іріктеді.

Байқау нәтижесінде ғылыми-зерттеу институттарының, ЖОО-ның және ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің 50 ғалымы және қазақстанның 43 ЖОО-нан 150 оқытушы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 аек көлемінде сыйақы алды. Ақшалай ынталандырудан басқа, арнайы төсбелгіге ие болды.

Министріміз Саясат Нұрбекке және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне ашық, қолжетімді жоғары білім беру жүйесі үшін алғыс айтқым келеді. Осы жылы мен «Үздік университет оқытушысы-2023» атағына ие болдым. Кеудемді қуаныш сезімі кернеп тұр. Осы мүмкіндік үшін алғысым шексіз!, - деп өз эмоциясымен бөлісті «Үздік университет оқытушысы-2023» байқауының жеңімпазы Наталья Тукенова.

Сонымен қатар 75 талантты жас ғалым жыл сайынғы мемлекеттік ғылыми стипендиямен және сыйақымен марапатталды.

Салтанатты кеш студенттердің концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Өзгелердің жаңалығы