Алғыс айту күні туралы не білеміз?

1 Наурыз 2022, 10:00
5754
Бөлісу:
Алғыс айту күні туралы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін – Алғыс айту күні. Көктемнің бірінші күнімен қатар келген мерекені Қазақстан халқы 2016 жылдан бері атап өтіп келе жатыр.

Биыл Алғыс айту күнін жетінші жыл қатарынан атап өтіп отырмыз.

Алғыс айту күні қашан енгізілді?

2016 жылдың 14 қаңтарында Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін, яғни 1 наурызды Алғыс айту күні етіп жариялаған болатын. Дәл осы күні «Қазақстан Республикасындағы кәсiптiк және өзге де мерекелер туралы» Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қазақстандықтар алғаш рет 2016 жылдың 1 наурызында ерекше мерекені атап өтуді бастап кеткен болатын.

Алғыс айту күнін мереке ретінде енгізу идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың сәуірінде ұсынды. 

Бұл күн - елімізде тұратын түрлі этнос өкілі қазақ халқына ерекше ризашылығын білдіріп, қиын заманда құшақ жая қарсы алғанына, жатсынбай бауырына басып, тату-тәтті өмір сүріп жатқанына алғыс айтатын күні.

Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн, яғни 1 наурызды жыл сайын барлық этностың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді, - деген болатын Елбасы 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында.

Алғыс айту күнінің тарихы

Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Бұл күн - қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні. 

Дәл осы 1 наурыз күні елімізде Қазақстан халқы Асссамблеясы құрылған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың 22 сәуірінде Ассамблеяның XXII сессиясында Алғыс айту күнін белгілеуге не түрткі болғанын айтқан болатын. Елбасы сталиндік режім кезінде Қазақстанға 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары көшіп келуге мәжбүр болғанын айтқан еді.

Оларды пойыз вагондарынан жапан далаға түсіріп кетті. Ол кездері мұнда тек қазақтар өмір сүрді. Сондықтан олар қабыл алып, көмек көрсетті. Қиын уақыттарды бастан өткеріп жүрген қазақ отбасылары балшық үйлеріне кіргізіп, қабылдады. Біздің жанұямыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыны қабылдады. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірімділік көрсететін, түрлі халықтарды туғанындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні деп атап өткен дұрыс болар еді. Бұл бізді одан әрі жақындастырар еді. Бұл күн барлық қазақстандықтардың бір-біріне мейірім, достастық және махаббат таныту мерекесі бола алады, - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Алғыс айту күнінің мақсаты неде?

Алғыс айту күні - бірлік пен татулық мерекесі, қилы тарихты басынан кешірген Қазақстан халқының бір-біріне деген ілтипатын білдіретін күн, бауырмалдық пен сыйластық күні. 

Мерекенің басты мақсаты – Қазақстан халқының бірлігін нығайту, қоғамдық келісім мен қайырымдылықты насихаттау.

Өзгелердің жаңалығы