Алғаш рет республикалық «Ұлттық кітап» байқауы өтеді

21 Қазан 2024, 17:31
315
Бөлісу:
Алғаш рет республикалық «Ұлттық кітап» байқауы өтеді
Фото: BAQ.KZ -архив

Қазақстанда алғаш рет республикалық «Ұлттық кітап» байқауы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ұлттық кітап» байқауын жариялайды.

Байқаудың негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, үздік авторларды анықтап, қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына ықпал ету. Аудармашыларды, баспагерлер мен кітап дизайнерлерін қолдау және ынталандыру.

Байқауға жұмыстар 2025 жылғы 15 қаңтар – 1 сәуір аралығында қабылданады.
Конкурсқа кейінгі екі жылда жарық көрген туындылар қабылданады. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түскен жұмыстар тіркелмейді.

Байқау келесі 10 номинация бойынша өтеді:

◾️Балаларға арналған үздік кітап;
◾️Үздік комикс;
◾️Нон фикшн бағытындағы үздік кітап;
◾️Детектив жанрындағы үздік кітап;
◾️Сатира жанрындағы үздік кітап;
◾️Үздік илюстрациялық кітап;
◾️Үздік аударма кітабы;
◾️Фантастика жанрындағы үздік кітап;
◾️Үздік баспа;
◾️«Жыл кітабы» Гран-при сыйлығы.

Байқауға қатысатын жұмыстардың көркемдік деңгейі, тіл тазалығы, сөздік қоры, өзіндік стильдің болуы, тақырып өзектілігі, мазмұн тереңдігі, тарихи әділдігі, өндірістік сапаның жоғары болуы, дизайнерлік жұмыстың жоғары болуы сияқты критерийлерге сәйкес келуі керек.

Байқауға өтінім беру туралы толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады: +7 775 897 7788

Айта кетсек, Қазақстанда Үкіметтің Қаулысымен 23 сәуір – «Ұлттық кітап күні» мерекесі бекітілді. Бұл мерекелік дата Мемлекет басшысының қоғамда жоғары кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық Құрылтайдың негізгі отырысында берген тапсырмасына байланысты пайда болды.

Өзгелердің жаңалығы